Айя Нүпбай мен Асылжан Арыстанбекова ITF Juniors санатындағы 9 жарыста жеңімпаз атанды. Олар Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы жарыстың жұптық бәсекесінде қарсылас шақ келтірмеді.
18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Қазақстан ішінде үздік саналатын Айя Нүпбай мен Асылжан Арыстанбекова жұбы жарысқа бірінші нөмермен тіркелген Владислава Андреевская (Қырғызстан) /Дарья Шадченова (Ресей) жұбын финалда қиналмай ұтты. Есеп 6:2, 6:3. Айя мен Асылжан соңғы 10 күнде екі жарыс жеңіп отыр. Осыған дейін олар Шымкенттегі жарыста жеңімпаздар тұғырына көтерілген болатын. Ал жекелей сындағы сайыстың финалында Дана Байдәулет (ITF Juniors рейтингінде 216 орында) Польша теннисшісі Сьюзанна Павликовскаға есе жіберді. Кездесу есебі 1:6, 5:7.
Сонымен қатар қазақстандық теннисші Тимофей Скатов (АТР рейтингісінде 158-орын) Кокимбодағы (Чили) турнирде сәтті ойын көрсетуін жалғастыруда. Ширек финалда Скатов әлемнің 71-ші ракеткасы, аргентиналық Федерико Кориямен кездесіп, оны үш сетте – 6:3, 3:6, 6:4 есебімен жеңді. "Челленджердің" жартылай финалында қазақстандық спортшы тағы бір аргентиналық теннисші, 1/4 финалда италиялық Марко Чеккинатоны (98-ші орын) жеңген Факундо Диас Акостамен (228-орын) кортта кездеседі. Кокимбодағы турнирдің жүлде қоры – 53 120 доллар. Жеңімпаз 7200 доллар ұтып, 80 рейтингілік ұпайға ие болады.
Тағы бір жағымды жаңалық. Жұптық сындағы бірінші ракетка Анна Данилина Гвадалахарадағы (Мексика) WTA 1000 сериялы турнирдің ширек финалында жеңіске жетті. Қазақстандық теннисші Бразилия өкілі Беатрис Хаддад Майямен бірігіп, әлемнің үшінші ракеткалары америкалық Кори Гауфф / Джессика Пегуланы 6:4, 7:5 есебімен жеңді.
Жартылай финалда Анна мен Беатрис әлемнің бірінші ракеткалары чехиялық Барбора Крейчикова/Катерина Синяковамен кезедеседі.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында Аустралия ашық біріншілігінде Анна мен Беатрис финалда дәл осы Барбора мен Катеринаға жол берген болатын.
Ермұхамед Мәулен