Морено қазір әлемдік рейтингте қазақстандықтан әлдеқайда төмен – 142-ші орынға қарсы 215-ші қатарда тұрғанына қарамастан, Скатов үшін ыңғайсыз қарсыластардың бірі. Сонымен бірге, олардың жеке текетіресінде американдықтың пайдасына шешілді. Олар алғаш рет Испанияның Кастеллон қаласында ITF сериясы турнирінің басында кездесті. Сол кезде америкалық теннисші Скатовты екі ойында (6:1, 6:3) ұтты. Ал былтыр қыркүйекте бұл екеуі Брагада өткен Portuguese Challenger турнирінің жартылай финалында кездесіп, Морено тағы да мықты екенін дәлелдеді. Бұл жолы матч үш сетке созылды – 3:6, 7:5, 6:2.
Демек, олардың дүйсенбі күні, Астана уақытымен сағат 9:30-да басталатын жекпе-жегі Скатов үшін маңызды. Аустралияның ашық чемпионатында 29-шы нөмірмен тіркелген Скатовқа оңай соқпасы анық. Айтпақшы, сейсенбі күні таңертең Астана уақытымен шамамен таңғы 5:30-да тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин Аустралияның ашық чемпионатының іріктеу кезеңін бастайды. Оның қарсыласы жергілікті теннисші Джеймс Дакворт болады.
Бұл қарсыластар бір-ақ рет, Астанада өткен ATP сериясының жекелей турнирінің алғашқы кезеңінде кездескен. Екі сетте аустралиялық мықтырақ болып шықты – 7:6, 6:1. Ал, Қазақстанның ерлер арасындағы теннис рейтингінің көшбасшысы Александр Бублик дүйсенбі күні Оклендте (Жаңа Зеландия) ATP 250 сериясы бойынша турнирдің жекелей сынында өнер көрсетеді. Оның алғашқы қарсыласы бельгиялық Давид Гоффин болады.
Бұл ретте Австралияда WTA 500 Adelaide 2 әйелдер турнирінің жеребе тарту рәсімі өтті: бірінші айналымда Уимблдон 2022 чемпионы, қазақстандық Елена Рыбакина әлемнің сегізінші ракеткасы ресейлік Дарья Касаткинамен күш сынасады. Рыбакина осы турнирдің жұптық сынында да өнер көрсетеді – сейсенбі күні ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге Ана Богдан (Румыния)/Ангелина Габуева (Ресей) жұбымен кездеседі.