Теннисшіміз финалда, Рыбакина жарақат алды

1065

Қазақстандық теннисшілер әлемнің әр түкпірінде өнер көрсетіп жүр. 

Теннисшіміз финалда, Рыбакина жарақат алды

Қазақстандық Александр Недовесов Босния және Герцеговинаның Баня-Лука қаласында өтіп жатқан ATP 250 турнирінің финалына шықты.

Қазақстандық теннисші жұптық сында португалиялық Франсиско Кабралмен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, бельгиялықтар Сандер Жилле және Йоран Флигенмен шеберлік байқасты.

Қазақстандық-португалиялық жұп екі сағатқа созылған тартысты бәсекеде 6:7 (2:7), 7:6 (7:2), 10:8 есебімен жеңіске жетті.

Александр мен Франсиско финалда доданың 1-ракеткалары, ұлыбританиялық Джейми Маррей - жаңазеландиялық Майкл Винуспен бас жүлдені сарапқа салады. Бұл жұп жартылай финалда тағы бір қазақстандық Андрей Голубев пен украиналық Денис Молчановты тізе бүктірді - 6:3, 7:6 (7:1).

Ал еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Штутгартта (Германия) WTA Porsche Tennis Grand Prix Stuttgart 2023 турнирінде ойын барысында күтпеген жерден жарысты жалғастырудан бас тартты.

Турнирдің екінші айналымында қазақстандық теннисші бразилиялық Беатрис Хаддад-Майямен кездесті. Бірінші сетте Рыбакина 1:6 есебімен жеңіліп қалды. Ал екіншісінде 1:3 есебі болып тұрған сәтте, Елена Рыбакина ойынды одан әрі жалғастырудан бас тартты. Рыбакина жамбас жарақатына байланысты өнер көрсетуді тоқтатқаны хабарланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу