Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына дайындықты бастады

996

Теннистен әйелдер арасында өтетін командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының басталуына екі күн қалды. 

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына дайындықты бастады Фото: Ktf.kz

Қазақстан құрамасы "С" тобында өнер көрсетеді. Ол топта турнир қожайындары – Ұлыбритания құрамасы мен Испания құрамасы да бар. Қазақстандық ойыншылар Шотландияның Глазго қаласында, трибунасы 8200 көрерменге арналған Emirates Arena көпфункционалды стадионында өнер көрсетеді.

Әйелдер және ерлер құрамаларының капитандары Ярослава Шведова мен Юрий Щукин, спарринг серіктесі Тимур Хабибулин және жалпы дайындыққа жауапты Татьяна Хаджимурадова, сондай-ақ ұлттық құрама ойыншылары Юлия Путинцева мен Жібек Құламбаева Глазгоға аттанды. Ертең команда сапына Елена Рыбакина, 7 қарашада WTA финалдық турнирінде өнер көрсеткен Анна Данилина келіп қосылады. Бүгін, 6 қарашада біздің құрама әлем чемпионатының топтық кезеңіне дайындалуда. Жаттығу жұмыстарын бірінші болып Юлия Путинцева мен Жібек Құламбаева бастады.

"Ұлттық құрамада ойнау әрқашан қызықты әрі жауапты жұмыс. Біз кортқа бейімделу үшін ерте келдік. Қатысушыларға келер болсақ, негізінен әлем чемпионатында әлсіз командалар жоқ. Ал біздің топ айтарлықтай мықты. Мен Ұлыбритания мен Испания құрамаларының ойыншыларының тізімін қарадым. Олардың барлығы да көптен бері чемпионатта өнер көрсетіп жүрген құрама, тәжірибелі және жас ойыншылар да бар. Иә, әрине, толқу бар. Өйткені Глазгода өнер көрсетсем, бұл менің ұлттық құрама сапындағы екінші ойыным болмақ. Бірақ менің қасымда Ярослава Шведова бастаған біздің командамыз бар. Сондықтан қарсыластармен ғана емес, толқыныс сезімімен күресу де оңай емес", - деді Жібек Құламбаева.

Біздің командадан ең көп  британдық ойыншыларға қарсы өнер көрсеткен Юлия Путинцеваның тәжірибесі мол.

"Бірінші ойын Ұлыбританияға қарсы. Олар өз елінде ойнайды. Сондықтан  олардың жеңіске деген құлшынысы да жоғары болады деп ойлаймын. Қазіргі құрамнан Дартпен үш рет ойнап, барлық кездесуде жеңіске жеткенмін. Мен Уотсонмен де үш рет кездесіп, оны екі рет жеңіп, Бултермен екі сынға түстім. Екеуінде де жеңіске жеттім. Барнет пен Николсқа келетін болсақ, мен олармен ойнаған жоқпын. Бірақ олар жұптық сайыстарға аса қатты көңіл бөледі", - деді Юлия Путинцева.

Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне барлығы үш командадан төрт топқа бөлінген 12 команда қатысады. Топ жеңімпаздары бірден жартылай финалға және одан әрі финалға өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу