Теннистен Қазақстан чемпионатының алғашқы жеңімпаздары анықталды

1289

Бүгін жұптық сында ел чемпиондары анықталса, ертең жекелей өнер көрсету бойынша турнирдің ең үздік теннисшілерінің есімі белгілі болады.

Теннистен Қазақстан чемпионатының алғашқы жеңімпаздары анықталды

Әйелдер арасында бірінші орынды Аружан Сағындықова/София Чурсина дуэті иеленді. Финалдық матчта олар Карина Ризванова/Мария Синицына жұбын 6: 7 (4), 7: 6 (7), 10: 7 есебімен жеңді. Сандуғаш Кенжебаева мен Жанель Рүстемова Чемпионаттың қола жүлдегерлері атанды. Олар тартысты кездесуде апалы-сіңлілі Асылжан және Еркежан Арыстанбековалардан жеңісті жұлып әкетті. Қорытынды есеп - 6: 4, 6: 7 (8), 10: 7.

Достанбек Ташбулатов пен Григорий Ломакин ерлер арасында чемпионаттың алтын жүлдегерлері атанды. Финалда олар Алексей Кедрюк/ Родион Пак жұбын жеңді - 6: 3, 6: 3. Айта кетуіміз керек, Достанбек пен Григорий үшін бұл жұптық сындағы екінші чемпионат. 2019-жылы Ломакин Сағадат Аяппен дуэтте жеңіс тойын тойласа, ал 2020-жылы Ташбулатов Родион Пакпен бірге алтын медаль иегерлері атанды. Үшінші орын Арсланбек Айтқұлов/Данил Фелкер жұбына бұйырды. Олар Олег Сыроватский мен Никита Сидоровты 6: 4, 2: 6, 10: 6 есебімен жеңді.

Ертең Ташбулатов пен Ломакин өзара 2021-жылғы ел чемпионын анықтайды. Ал әйелдер арасында Аружан Сағындықова мен 2016-жылғы Қазақстан чемпионы Гозал Айнитдинова шешуші ойында кездеседі.

Сонымен қатар бүгін Денис Евсеев пен Дмитрий Попко жүлде қоры 52 080 АҚШ долларын құрайтын Санкт-Петербургтегі Challenger турнирінде жұптық сында 1/2 финалға жолдама алды. Ширек финалдық кездесуде Евсеев ресейлік Константин Кравчукпен дуэтте голландиялық Игорь Сийслинг/Гленн Смитс жұбын 6: 2, 6: 4 есебімен жеңді. Ал Попко ресейлік Алексей Ватунинмен бірге үш партиялық матчта  үнділік Арджуна Кадхе мен Тунис өкілі Скандер Мансури жұбынан басым түсті - 6: 4, 1: 6, 10: 8.

Жартылай финалда Попко мен Евсеев кортта бір матчта кездеседі. Осылайша, шешуші кездесуде біз міндетті түрде Қазақстанның бір өкілін көретін боламыз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу