Әлемдік деңгейдегі мұндай жарысқа Қазақстан құрамасы дайындықты бастап кетті. Бір күн бұрын Норвегия астанасына Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Дмитрий Попко келсе, ертең олардың қатарына Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик келіп қосылады.
Теннисшілеріміз алғаш рет Дэвис кубогында норвегиялықтармен кездеседі.
"Турнирдің шарттары маған жақсы таныс. Корттың хард төсеніші екі командаға да ыңғайлы болады. Біз дайындалып жатырмыз, жаттығу жасаймыз. Нәтижесінде біздің команда матчқа барынша бабында келе алады деп ойлаймын", - деді Михаил Кукушкин.
Қос команда арасындағы кездесудің жеңімпазы қыркүйекте Дэвис Кубогының финалдық кезеңінде ойнайды. Қазақстан қазіргі таңда рейтингте 13-ші орында тұр. Дэвис кубогының әлемдік тобында алғаш рет Қазақстан теннисшілері 2011 жылы өнер көрсетіп, бес рет ширек финалға шықты. Сонымен қатар, 2019 жылы форматы өзгергеннен кейін Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының барлық финалдық ойындарына қатысты. Бірінші жылы Қазақстан топтан шықпады, ал 2021 жылы ширек финалға дейін жетіп, жерлестерімізді әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович бастаған Сербия құрамасы ғана тоқтатты.
Ал Норвегия құрамасында әлемнің он үздік теннисшісі қатарына кіретін ойыншы бар. Ол қазір ATP рейтингінде сегізінші орында тұрған 23 жастағы Каспер Рууд. Каспер жекелей сында ATP турнирінде жеңіске жеткен жалғыз норвегиялық, сонымен қатар Норвегиядан шыққан теннисшілер арасынан әлемдегі ең жоғары рейтингті теннисші. Ол сондай-ақ жасөспірімдер рейтингінде әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы. Бұдан бөлек 23 жасқа дейін ол жеті ATP турнирін, оның бесеуін 2021 жылы жеңіп алды. Руудтың соңғы жеңісі ақпан айының басында Буэнос-Айрестегі ATP-250 жарысында болды.
Ал Норвегияның екінші ракеткасы - 24 жастағы Виктор Дурасович - ATP рейтингінде 326-шы орында тұр. Сонымен қатар норвегиялық команда сапында 21 жастағы Лукас Хеллум Лилленген, 20 жастағы Герман Хойераль және 22 жастағы Симен Сунде Братхольм бар. Команда капитаны - Андерс Хасет.
Командалар үшін бұл ұлттық құрама деңгейіндегі алғашқы кездесу болмақ. Бірақ, Қазақстан мен Норвегияның бірінші ракеткасы үшін бұл төртінші матч болмақ. Статистикаға сүйенер болсақ кездесулер Бубликтің пайдасына емес, үш кездесу де Руудтың пайдасына аяқталған екен. Теннисшілер 2019 жылы Санкт-Петербургте (6:7 (3), 6:4, 6:2), 2021 жылы Мадридте (7:5, 6: 1) және Париж (6:4, 6:0) кездескен еді. Осылайша Қазақстан құрамасын осал қарсылас күтіп тұрған жоқ.
Ермұхамед Мәулен