Теннистен Қазақстан қысқы чемпионатының финалистері анықталды

630

Елордада "Дәулет" теннис орталығында ересектер арасында Қазақстан қысқы чемпионатының финалистері анықталды. Бүгін жартылай финалдық матчтар аяқталды.

Теннистен Қазақстан қысқы чемпионатының финалистері анықталды

Бірінші болып кортқа қарағандылық Арысланбек Айтқұлов пен алматылық Никита Сидоров шықты. Қарағанды теннис мектебінің түлегі қарқынын бәсеңдетпестен 6:2, 6:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп ол өз спорттық жолында алғаш рет ересектер арасында ел біріншілігінің финалында ойнайды. Оның қарсыласы – Тимур Мәуленов. Мәуленов тәжірибелі Тимур Хабибуллинді жолдан тайдырды – 2:6, 7:6 (7:1), 7:6 (7:3).

Әйелдер арасында елордалықтар, 14 жасар Ариана Гогулина мен одан бір жасқа үлкен Альбина Кәкенова алтын жүлдені сарапқа салады. Ариана жартылай финалда Әдемі Аманкелдіден айласын асырды – 6:4, 4:6, 6:0. Ал Альбина Айя Мырзақұлованы ұтты – 7:6 (7:3), 6:4. Осылайша, 25 ақпан, сенбі күні Қазақстан қысқы біріншілігінде жаңа чемпиондардың есімі белгілі болады.

Сонымен қатар Алматы қаласында 17-19 наурызда алғаш рет мүгедек арбасындағы теннистен Қазақстан кубогі жарысы өтетіні белгілі болды. Турнирге Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтау, Ақтөбе және Орал қаласынан 40-тан астам спортшы қатысып, бақ сынайды. Бірінші кубокке дайындық аясында Алматыда 6-16 наурыз аралығында теннисшілердің шеберлігін арттыруға арналған оқу-жаттығу жиыны өтеді. Дода қорытындысы бойынша биылғы маусым айында Италияда "Alghero Open" халықаралық турнирінде ел намысын қорғайтын спортшылар анықталады.

Қажетті ұпайды жинаған жағдайда қазақстандық паратеннисшілер 23 қыркүйек – 8 қазан аралығында Ханчжоуда (Қытай) болатын Паразия ойындарына қатысуға мүмкіндік алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу