Тентек теннисшіміз үшінші айналымға өтті

1672

Бублик Уимблдон жарысындағы жеке рекордын қайталады. Ол бүгінгі жеңісінің арқасында жарыстың үшінші айналымына өтті

Тентек теннисшіміз үшінші айналымға өтті

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Ұлыбританияда өтіп жатқан Уимблдон ашық турнирінің екінші айналымында сербиялық Душан Лайовичпен кездесті. Бублик осы қазір әлемдік рейтингте 38-орында тұрса, Лайович 64-орында. Олар осы кезге дейін тек бір мәрте ғана кездескен. Аустралия ашық біріншілігінің тура осындай екінші айналымында сербиялық теннисші отандасымыздан айласын асырып кетті. Ал осы жарыста Душан әлемнің 20-рекеткасы Пабло Карено-Бустадан басым түсті.

Сондықтан да екі теннисші де қазір жақсы бабында десек артық емес. Лайович ауыр соққыларымен Александрды тығырыққа тірей берді. Алайда алғашқы сет тай-брэйкке келіп тірелді. Бұл жерде есеп 9:7 болып, Бублик жеңімпаз атанып шықты. Негізі тай-брэйк кезінде Бублик үш мәрте жеңіліп жатып, теңестіріп жіберді. Осы бір мінездің арқасында алғашқы сетті жеңіп, одан ары қарайғы ойынын жеңілдетіп тастады.

Екінші сетте тартыс тағы да шиеленісті болатын шығар дегеніміз қате болып шықты. Бублик бар білгенін істеп, Лайовичті місе тұтпады. 6:2 есебімен екінші сетті жауып, жеңісін нығырлай түсті. Ал бірақ сет басталған тұста есеп 2:2 болып тұрғанын да айта кетейік. Одан кейін Бублик қатарынан 4 геймде жеңіске жетті. Екі брэйк пойнт жасап сербиялықты шарасыз қалдырды.

Екі сет қатарынан жеңілген Лайович үшінші сетке келгенде ұйқысынан оянды. Өз соққыларында қателеспей, керек геймдерін алып отырды. Есеп біркелкі тең болып келіп, сеттің соңына таман сербиялық сыр берді. Есеп 6:5 болып тұрған тұста Александр қарсыластың геймін жеңіп, матчты аяқтап жіберді. Осы жеңістің арқасында тентек теннисшіміз Уимблдонның үшінші айналымына жолдама алды. Ол өткен жылы осы кезеңде жарыстан шығып қалған еді. Енді 1 шілде күні Бублик әлемнің 28-ракеткасы Фрэнсис Тиафомен кездеседі. Осыдан апта бұрын қазақстандық теннисші Тиафоны Истборнда өткен жарыста жеңіп жіберген. Демек, америкалық адуынды теннисшіден сасқалақтайтын түгі жоқ.

Айтпақшы, Лондон төрінде өтіп жатқан "Үлкен дулыға" додасында жұптасып сайысатын спортшыларымыз да бар. Александр Недовесов пәкістандық Айсам Хак Күреши есімді теннисшімен тізе қосып, екінші айналымға жолдама алды. Олар Джеймс Дакворт/Маркос Хирон жұбын 3:1 есебімен жеңді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу