Теріс пікір тумасын

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6628

Үкімет басшысы Қазақстан-Қытай бірлескен жобалары туралы теріс пікір туындамас үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Теріс пікір тумасын

Мемлекет басшысының кешегі тапсырмасынан кейін "таза қазақшаға" көшкен үкіметтің бүгінгі отырысы инвестициялық жобаларға арналды. Қазақстанда 145 инвестициялық жобадан тұратын тізім анықталып, оларға тұрақты түрде мониторинг жасалатынын жақсы білеміз. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзіне сенсек, аталған 145 жобаны жүзеге асыру үшін 47,8 млрд АҚШ доллары жұмсалмақ. Олардың қатарында Қазақстан-Қытай бірлескен жобалары да бар.

"Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылатын 51 жобаның жалпы құны 27,7 млрд АҚШ долларын құрайды. Бүгінде 140 млн доллардың 4 жобасы іске қосылған.  Аталған бағдарлама аясында биыл 11 жобаның құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ осы жылы 363 млн доллардың 6 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 2018 жылы қытай капиталының қатысуымен 5 жобаның құрылысы басталады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, ел арасында Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларына қатысты теріс пікір бар. Атап айтқанда, көпшілігі Қытай ескі жобаларды жүзеге асырмақ деген ойда.

"Бұл қате пікір. Қытаймен жасалып жатқан әрбір жоба халықаралық стандарттарға сай және жаңа технологияларға қатысты болуы керек. Олар бұған дейін пайдаланылған жоба болмайды. Соны көпшілікке түсіндіру керек", – деді жобалардың тиімділігіне тоқталған Бақытжан Сағынтаев.

Еске сала кетейік, Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларының нәтижесінде 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.  

Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы бірлескен "Жаңа синергия" бағдарламасы аясында 899 млн долларға 26 жоба жүзеге асырылмақ. Аталған бағдарлама аясында әзірше 3,5 млн долларға бір ғана жоба іске қосылған. Биыл 15,5 млн доллар болатын 2 жобаның құрылысы басталады. Ал қалғаны пысықталу үстінде.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл арнайы тізімдегі 145 инвестициялық жобаның 15-нің құрылысы басталады. Жобалардың жалпы құны 1,6 млрд АҚШ долларына тең.

"2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 15,8 млрд долларды құрады. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға жоғары көрсеткіш", – деді министр.

Елге инвестиция тартуда елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шет мемлекеттерге жасаған жұмыс сапарының қосқан үлесі де қомақты. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, мемлекет басшысының 2016-2017 жылдардағы сапарлары аясында 6 млрд доллардан астам қаржының инвестициялық және сауда келісімдеріне қол қойылды. Бұл ретте осы жылдың қаңтарында ел президентінің АҚШ-қа жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша шамамен 7 млрд долларды құрайтын 27 құжатқа қол қойылғанын атап өткен жөн.

Инвесторлар үшін тартымды саланың бірі – мұнай-газ секторы. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің мұнай-газ саласына шамамен 200 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған екен. Оның ішінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ ірі үш жобаны игеруге салынған инвестиция көлемі 120 млрд доллардан астам соманы құраған. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, аталған үш ірі кен орнында жалпы инвестициялар көлемі 42,3 млрд долларды құрайтын кеңейту және өндіріс деңгейін арттыру жобалары жүзеге асырылып жатыр.

"Жақын болашақта қолға алынатын мұнай-газ саласындағы жобалардың іске асырылуы 9 млрд доллар инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Оның 8 млрд доллары – жеке инвестициялар. Жобалардың құрылысы кезінде 10 мыңдай, ал іске қосылған соң 1200 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Жобалардың пайдалануға берілгеннен кейінгі ішкі жалпы өнімдегі үлесі 1,5%-ды құрайды", – деді Қанат Бозымбаев.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, 2017 жылы саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі шамамен 352 млрд теңгені құраған. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 39%-ға жоғары. Осы орайда азық-түлік өндірісіне салынатын инвестициялардың өсімі едәуір артқан. Мәселен былтыр инвестициялар өсімі 2016 жылмен салыстырғанда 51%-ды құраған.

"100 нақты қадам" ұлт жоспарына сәйкес, стратегиялық инвесторларды тарту арқылы жалпы құны 175 млн долларды құрайтын сүт пен ет өндіру және қайта өңдеу бағытындағы төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ұлт жоспарына енген жобалардан бөлек, қазіргі таңда шетел инвесторларының қатысуымен жалпы құны 952 млн доллар болатын 20 жоба іске асырылуда", – деді Арман Евниев.

Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы инвестициялар тартудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізілгенін атап өтті. Десе де, жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыру мақсатында қолға алынған шараларға қарамастан, шетелдік инвесторлардан түсетін өтініш-шағымдар саны азаймай отыр.

Өңірлерде инвестиция тарту бағытындағы жұмысты күшейту үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті әр өңірде инвестициялар бойынша әкімнің арнайы орынбасарлары бар. "Қазақ Инвест" компаниясының аймақтық өкілдіктері ашылды. Инвесторлардың проблемаларын шешу үшін өңірлік штабтар құрылды. Соған қарамастан, бірқатар өңірде, атап айтқанда Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында инвестициялар тарту деңгейі өзге аймақтармен салыстырғанда тым төмен жатыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу