Террористердің әрекеті неге жүзеге аспады?

5141

Қанат Сахарияның пікірінше, Қазақстанның оңтүстік мегаполисіндегі жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған қылмыстық топтар Мемлекет басшысы батыл шешім қабылдайды деп күтпеген.  

Террористердің әрекеті неге жүзеге аспады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың террористерге қарсы батыл шешім қабылдауының нәтижесінде олар Алматы мен басқа да ірі қалаларды басып ала алмаған. Бұл туралы "MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" бас атқарушы директоры Қанат Сахария айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ол Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына (ҰҚШҰ) хабарласып, дұрыс шешім қабылдады деген пікірде.

"Мұндағы маңызды жағдайға тоқталайын. Біз Тоқаев мырзаның дипломат екенін, мәселелерді жұмсақ жолмен шешуге тырысатынын жиі еститінбіз. Бірақ мұндай пікірдің орынсыз екенін көріп отырмыз. Көптеген адам басқарудың жұмсақ жолын әлсіздік деп санайды. Мен тәжірибелі менеджер ретінде басқарудың қатты және жұмсақ стилі барын түсінемін. Алайда басқарудың жұмсақ жолы әлсіздікті білдірмейді. Билік әлсіздік танытады деп ойлаған террористер оңбай қателесті", – деді атқарушы директор.

Қанат Сахария террористік топтар нақты сценарий бойынша әрекет еткенін атап өтті. Мұны олардың әкімдіктерді, әуежайды, телеарналарға шабуыл жасауынан көруге болады.

"Олар ұшақты басып алған. Бізде ұшқыштар ұшақтағы трапты ашып, жолаушылар ұшып-қону жолағына қашқаны туралы ақпарат бар. Кейін ұшақ командирлері өздері отыратын бөлменің есігін бекітіп алған. Террористер есікті бұзып кіре алмаған. Осылайша, террористер ұшаққа отырып, ұша алмаған.

Менің ойымша, Президенттің ҰҚШҰ-ға үндеу жасауы террористер үшін күтпеген жағдай болды. Біз Президентке қолдау көрсетуіміз керек.

Бұл – елдегі жалғыз заңды билік. Президентіміз мықты. Ол басқарудың жұмсақ стилін ұстанатын шығар. Ол – дипломат. Бірақ бүгінде террористік әрекеттерді тоқтату үшін батыл шешімдер қабылданды", – деді Қанат Сахария.

Оның пікірінше, бұл жағдайдан кейін елімізді жаңа өзгерістер күтіп тұр.

"Барлығы бейбіт шеруден басталды. Ондағы талаптар түсінікті еді: газ, әлеуметтік мәселелер. Мемлекет басшысы газ бағасын төмендету бойынша дұрыс шешім қабылдап, үкіметті отставкаға жіберді – талаптар орындалды. Осы кезде жағдайды пайдаланбақ болған күштер әрекет ете бастады. Бұл туралы Қазақстан Президенті айтқан еді (...).

Бірақ біз кім қылмыскер екенін, кім бейбіт шеруге шыққанын анық түсінуіміз керек. Бейбіт шеруге шыққандар 3 күн бұрын үйіне кеткен, ал көшеде қалғандары, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар – қылмыскерлер. Олар Қылмыстық кодекске сәйкес жауапқа тартылады", – деді атқарушы директор.

Сондай-ақ "MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" басшысы Алматыдағы тәртіпсіздік салдарынан БАҚ өкілдері көз жұмғанын жеткізді.

"Біз әріптестеріміздің шығынға ұшырағанын білеміз. Алматыдағы бұқаралық ақпарат құралдарында әріптестеріміздің арасында қаза тапқандар барын білеміз. Бұл қорқынышты жағдай", – деді Қанат Сахария.

Ол елдегі тәртіпсіздіктерден қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.

"Біріншіден, туыстарымызды қорғау барысында көз жұмғандарға көңіл айтамын. Бүгінде Алматыда әкем мен анам, ұлым мен әйелі, немерем бар. Ұлым азық-түлік сатып алыпты, алайда ата-анам оны сатып алып үлгермеген. Қазір дүкендер жұмыс істемейді, үйге жеткізіп беру қызметі іске қосылмаған. Менің ойымша, көптеген қазақстандықтың Алматыда отбасы бар", – деді атқарушы директор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу