Бұдан былай 30 жасқа толған барлық әскери қызметкер гормондық фонды тексеруден өтуге міндетті болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, АҚШ Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің денсаулығын бақылауға қатысты жаңа талап енгізіп отыр.
Жаңа ережеге сай, тестостерон деңгейін анықтайтын тексерулер жыл сайынғы медициналық тексерудің ажырамас бөлігіне айналады. Ал 30 жасқа дейінгі әскери қызметкерлер үшін мұндай тестілеу ерікті негізде жүргізіледі. Егер гормон деңгейі қалыпты көрсеткіштен төмен болып шықса, дәрігерлер ем қабылдауды ұсынады, десе де ол міндетті сипатқа ие болмайды.
Пит Хегсет бұл бастаманы АҚШ армиясының басты артықшылығы ретінде "жеке сарбаздың" жауынгерлік қабілетін сақтау қажеттілігімен түсіндірді. Оның сөзінше, әскери қызметшілердің төзімділігі мен денсаулығын жақсартудың жаңа жолдарын үздіксіз іздеу – елдің стратегиялық басымдығын сақтаудың маңызды шарты.
– Бұл бастама адамның табиғи мүмкіндіктерін жасанды түрде арттыруға емес, керісінше оларды қалпына келтіріп, оңтайландыруға бағытталған, – деді Хегсет.
Оның пікірінше, әскери қызметкерлер қарқынды жауынгерлік жүктемелерге төтеп беруі үшін қажетті биологиялық негізге ие болуы тиіс.
Қорғаныс министрі қызметіне кіріскеннен бері Хегсет ведомствода бірқатар реформаны белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Қазіргі АҚШ әкімшілігі бұл құрылымды "Соғыс департаменті" деп жиі атайды.