Тежегішті бас, такси!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2074

ЭКСПО дәндеткен такси саласы кейін не істемек.

Тежегішті бас, такси!

Астана әкімдігі халықаралық көрмеге келуші туристерді тасымалдап, байып жатқан таксистер туралы ақпарат таратты. Шынында солай ма? Abctv порталы мәселенің байыбына тереңдеді.

"ЭКСПО-2017 аясында елордалық такси жүргізушісі күніне 30 мың теңге пайда тапқан", – деп хабарлайды елорда әкімдігі.

Жүргізілген мониторингке сәйкес, әкімдікке қарасты "Астана Конвеншн Бюро" компаниясы 2017 жылдың жаз айы елордалық таксистер үшін өте табысты болғанын анықтады.

Оған себеп астанада өткізілген халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі екен.

Асқар Нақышев Astana Taxi бірыңғай такси қызметінде екі жылдан астам жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу Астанаға туристердің көптеп келуіне жол ашты, бұл такси қызметіне деген сұранысты күрт арттырды.

"Өткен жазда менде мұншама клиент болған жоқ. Өйткені әдетте жазда көбі демалысқа кетеді ғой. Қалада тыныштық орнайды. Ал қазір мен 16 сағат ішінде 30 мың теңге таптым. Бұл менің такси қызметімдегі бір күнде тапқан ең көп табысым", – деп бөлісті жүргізуші Астана әкімдігі қызметкерлерімен.

Сонымен қатар ол шетелдік клиенттердің саны өскенін айтты.

"Күніне кем дегенде бір-екі шетелдікті тасимын. Тіпті бір рет бірден 5 клиентім шетелдік болды. Өзім ағылшынша білмеймін, бірақ бізге бұл жағынан Friendly Taxi сервисі көмектеседі", – дейді такси жүргізушісі.

Елорда әкімдігі бұл ретте Астанада бірінші рет инвестициялық жоба аясында "Astana Taxi" бірыңғай такси қызметі жұмысын бастағанын алға тартады. Жоба заңды тасымалдаушылар санын көбейту есебінен қала тұрғындары мен қонақтарының өмір қауіпсізідігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бірқатар таксистер көрмемен бірге туған табысты шақты өз орайына пайдаланып қалуға жанталасуда. Мәселен, биылғы маусым айының басында бас қаламызда таксистің шетелдіктен өз қызметі үшін тіпті ұшақ билетінің сұрағанын естіп, көпшілік жаға ұстады. Коммерциялық жолаушылар тасымалының өкілі Венгрия азаматын әуежайдан Есілдің оң жағалауындағы Астананың ескі орталығында, Желтоқсан көшесінде орналасқан қонақүйіне дейін жеткізгені үшін одан 40 мың теңге алыпты. Бұл жайтты қалалық ішкі істер департаменті хабарлады. Себебі, төлеген ақысының тым артық болғанын және таксистің алдағанын білген шетелдік қонақ жандәрмен полицияға жетіп, шағым түсіріпті. Өйткені бұл тариф аталған бағдар бойынша сапардың орташа құнынан кем дегенде он есе қымбат. Егер қазақстандық шағымданса, бұл өтініштің орындалуы ұзаққа созылуы, немесе тіпті аяқсыз қалуы да ықтимал. Бірақ бұл ретте елдің имиджіне қатысты сөз болып отыр ғой.

"Жедел-іздестіру шаралары барысында 33 жасар такси жүргізушісі ұсталды. Ол пайда табу мақсатында шетелдікті шатастырған және жол ақысы үшін шектен тыс төлем алған", – деп хабарлады құзырлы орган. Сонымен бірге такси жүргізушісі көшедегі көлденең "бомбила" емес, такси қызметімен айналысуға ресми рұқсаты бар, тіркелген жүргізуші болып шықты. Қылмыстық қудалаушы орган "Алаяқтық" бабы бойынша тергеу жүргізді. Кейін қала әкімдігі әлгі жүргізуші шетелдік жәбірленушінің қаржысын қайтарғанын, айыбын мойнына алып, кешірім сұрағанын мәлім етті. Сондықтан оны жауапқа тартып жатпапты, бірақ жұмысынан қуып жіберген.

Осы оқиғаға пікір білдірген біраз қазақстандықтар мәселен, көрші Ресейдің астанасы Мәскеуде таксистердің шетелдіктерге бірнеше есе қымбат тариф төлеттіруді дәстүрге айналдырғанын еске салды. Бірақ солтүстік көршінің құзырлы органдары сонысы үшін оларды қудалап жатқан жоқ. Ресейде алыстағы жат жұрттардан келгендермен таксистер тіпті қайырым ақша ретінде кеңес одағының рубльдерімен есептесетін жағдайлары тіркелген. Бірақ дамыған елдердің отыздығына бағыт алған Қазақстан үшін әрине, Ресей үлгі емес.

Жақында әкімдік тағы бір мәлімдеде таратты: оған сәйкес, егер "Astana Taxi" бірыңғай такси қызметі бренді аясында жұмыс жасайтын такси жолаушыны таксометрді қоспай тасыса, онда бұл сапар "тегін" болып саналады және жүргізуші жолаушыдан төлем талап етуге құқығы болмайды.

Дегенмен, бұл салада басқа бір мәселе назар аудартады. ЭКСПО көрмесі тура бір айдан соң, алдағы 10 қыркүйекте жабылатыны мәлім. Жасы-кәрісі бар, еліміздің әр өңірлерінен шұбырған ішкі келушілер де, әлемнің әр атырабынан ағылған азды-көпті саяхатшылар да, тіпті 115 мемлекеттік мен ондаған коммерциялық павильондарға қызмет көрсетуші мамандар мен ерікті-волонтерлар да өз жайына тарайды. Ал елордалық таксиге ары қарай жұмыс жасау, қазір қымбаттап кеткен тарифтерін арзандату қажет болады.

Бұл тақырып "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасында арнайы талқыланған болатын. Сонда айтылғандай, Астана әкімдігінің ақпараты бойынша заңсыз тасымал үлесі 90%-ға дейін жетеді екен.

Астана қаласының кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Дәурен Сатқанбаевтың айтуынша, тұтастай алғанда, елордалық ресми такси қызметтерінің жағдайы мәз емес. Өткен жылдары олардың көбі өз қызметін тоқтатуға немесе көлеңкеге кетуге мәжбүр болыпты. Ресми тасымалдаушылардың дамуына бірқатар проблемалар, атап айтқанда инфрақұрылымның жоқтығы, таксилерге арналған автотұрақтардың аздығы, көлік саласындағы нормативтік құқықтық базаның жетілдірілмеуі, ресми тіркелмей-ақ жұмыс істей беретін және жеңіл көлігі бар азаматтарды жалдайтын заңсыз диспетчерлік қызметтер мен ақпараттық-диспетчерлік функциялар атқаратын интернет-сервистердің болуы кедергі келтіретін көрінеді. 

"Ресми тасымалдаушы мәртебесі ешқандай жеңілдік-преференция бермейді, керісінше, бұл әртүрлі бақылаушы органдардың назарын тартады. 2013-2016 жылдар аралығында елордада 17 такси компаниясы өз қызметін тоқтатты. Салаға құйылған жеке инвестиция көлемі шамамен 2 миллиард теңгені құрады. Көптеген компаниялар мемлекеттен субсидия да алып үлгерген. Бірақ бұл барлық күш-жігерлер заяға кетті. Бұл таксомоторлық нарық өзгерістерді қажет етеді деген сөз", – дейді Астана көлікшілері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.

Өз кезегінде қала басшылығы заңды тасымалдаушылар үшін ынталандырушы шаралар қабылданып жатқанын білдірді. Оларға мысалы, "Bus Lane" автобустар жолағымен жүруге де рұқсат етілмек. Сондай-ақ оларға TAXI автокөліктеріне арналған арнаулы тұрақтар қолжетімді болмақ.

КҰП түсіндіруінше, Астанада жолаушылар мен қол жүгін автомобиль көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес, такси қызметімен айналысуға елорданың көлік органымен жолаушылар және қол жүгін тасымалдау қызметін көрсету бойынша келісім бекіткен жеке кәсіпкерліктер мен заңды тұлғаларға ұлықсат етіледі. Бұл ретте палата тасымалдаушы тапсырыстарды қабылдау және ары қарай жүргізушіге хабарлау қызметін көрсететін диспетчерлік қызметі болуға тиістігіне назар аудартады. Сондай-ақ такси көліктері елорда көлік органы бекіткен бірыңғай түсте болуға, олар салық органында тіркелген таксометрлермен жабдықталуға тиіс. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу