Тіл комитетіне тың құзыр керек

2327

Көшелердегі жазулар қазақ тілінің қадірін түсірді, деп жазады Inbusiness.kz. 

Тіл комитетіне тың құзыр керек

"Баспасөз үшін сарымсақ" дегені не?

Өзге қалалар түгіл, елорданың өзінде көшеде келе жатып, жан-жақтағы қазақ тіліндегі жазуларды оқу ұят. Көбісі кәсіби маманның қаламы тимеген, Google аудармашымен тәржімалана салынған көзбояу дүниелер. Сондай-ақ көп жерде ақпарат тек орысша беріледі, бұл енді қазақ тілділердің конституциялық құқығын кемсіту болса керек.

Бұл қауіпсіздікке де нұқсан: мемлекеттік тілді ғана білетіндер ақпараттандырылмағандықтан жаза басып, одан өміріне не денсаулығына залал келуі мүмкін. Тіпті білместіктен құқық бұзушылық жасап, жаза тартуы ықтимал. Бұл да әлеуметтік шиеленісті өршітетін фактордың бірі екені құпия емес.

Оның үстіне мұның бәрі мемлекеттік тілдің абыройын төгеді, онсыз да шамалы беделін тіптен түсіреді, кезекті рет мазаққа айналдырады.

Тіл жанашырлары жанды жерден, талмау тұстан жасалған соққы сипатындағы осындай келеңсіздіктер жайында жоғары жаққа талай айтып, хат жазып жүр. Нәтиже нешік?

Тіл комитеті де әр өңірде жұрттың шамына тиетін жазуларды жинастырыпты. Мысалы, "Көңіл!" деп жазылған, онысы "Внимание!" дегенінің қазақшасы көрінеді. "Бай таңда!" дегені тіпті масқара, бірақ оның байға тиюге не жеңгетайлыққа еш қатысы жоқ екен, тек "Богатый выбор!" дегеннің аудармасымағы.

Сондай-ақ ас мәзірлерінде "лимон дәмі бар қара шай" (шынында ол "чай зелёный со вкусом лимона") сияқты қазақ тілділерді жаңылыстыратын жазуларды табуға болады. Егер қазақшасына сеніп, клиент қара шайға тапсырыс берсе, ал даяшы көк шай әкелсе, түсініспеушіліктің соңы қақтығысқа соқтырмай ма?!

Тұрмыстық техника дүкендерінің бірі өз жарнамасында: "Төмен бағалармен қасиет техникасы" деп өтірік айтады. Орысшасы дұрыс: "качественная техника по низким ценам". Яғни, "Төмен бағадағы сапалы техника" деуі керек еді.

"Баспасөз үшін сарымсақ/Пресс для чеснока" (дұрысы: сарымсақ сыққыш), "Еркек киімнің салоны/Салон мужской одежды" (дұрысы: ер киімдер салоны: киімнің жынысы болмайды), "Тілек қосуға болады/По желанию" (дұрысы: қалауыңызға қарай), "Салмакка киім/Одежда на вес" (дұрысы: өлшеулі киім); "Темекі тауық/Цыпленок табака" (дұрысы: грузиндер түрік тілінен алған және тапак немесе табақ тауық деп аударылады), "Сапалы әйелдер іш киімі/Качественное  женское нижнее белье" (сапалы әйел емес, сапалы іш киім) және басқалары.

"Ғимараттың кіреберісінде, шатыры мен қасбетінде жеке және заңды тұлғалардың қызмет түрі мен аталымы туралы ақпаратты орналастыру кезінде грамматикалық және стилистикалық қателерге шамадан тыс жол беріледі. Бұл жұртшылықтың теріс реакциясын тудырады, шетелдік азаматтар алдында еліміздің абыройын түсіреді, беделіне нұқсан келтіреді. Маңдайшалар емле, тыныс белгілері, сөйлем құрау бойынша қателерге толы және олар көбейіп барады. Бұл мәтінді түсінуді қиындатады және тұтынушылардың сауаттылығына теріс әсер етеді. Заңнама талаптарын бұза отырып ресімделген маңдайшалар азаматтардың тіл таңдау және дұрыс ақпарат алу құқығын шектейді", – деген тоқтамға келді БҒМ-нің Тіл саясаты комитеті.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл маңдайшаларды жасатушы және әзірлеуші қызметкерлердің қазақ тілін жетік білмеуінің салдары.

"Маңдайшаларда мемлекеттік тілдегі ақпараттың болмауын азаматтар Конституцияның 14-бабында бекітілген өз құқықтарын аяқасты ету, кемсіту деп санайды. Маңдайшаларды орналастыруды жүзеге асыратын субъектілердің қызметіне жүргізілген талдау жиі кездесетін бұзушылықтарды әшкереледі", – деп хабарлады комитет.

Ол қандай бұзушылықтар?

Ведомствоның мәліметінше, біріншіден, маңдайшалардағы жазу тек бір тілде, көбіне орыс тілінде ғана жазылады. Екіншіден, мәтін аудармасы көрнекі-визуалды ақпараттың мағынасы мен мазмұнына сәйкес келмейді. Бұл ретте орысшасы дұрыс, қазақшасы лағып кетеді. Үшіншіден, емле, орфографиялық қателер қаптап жүр. Мысалы, ашык, дукен, уялы телефон, төмең бағамен, токыма бүйымдары және басқасы. Бұл проблеманы латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиінің дұрыс нұсқасының жоқтығы ары қарай ушықтыруда. Салдарынан, AIAQ-KIIM (аяқ киім) секілді оқылуы қиын, олқы дүниелер пайда болды.

Құқықтанушы, тіл жанашыры Жандос Өстемір Нұр-Сұлтанның өзінде мемлекеттік тілді менсінбеушілік деректері жетерлік екенін айтады.

"Елордадағы "Қазақ Елі монументі", Ұлттық өнер университеті, "Жетісу" саябағы жанында, "Аймақ Тау" сауда үйінде, "Астаналық" базарында, "Азия Парк", "Сауран" сауда орталықтарында, ЭКСПО және Ботаникалық саябақ маңында және басқа түрлі орында тек орыс тілінде ғана сыртқы ақпараттар орналастырылған. Мемлекеттік тілдегісі жоқ. Бұған кім рұқсат берген?" – дейді қоғам белсендісі.

Ж.Өстемір сондай бір ғимарат сыртында тіл туралы заңға қайшы көрнекі ақпараттардың анықталғаны жөнінде шағым жазады. Оған "Есіл" ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері "кәсіпкермен кездесу барысында бұзушылықты түзету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін" хабарлайды және 10 күн ішінде өзгеретініне кепілдік береді. Алайда он күннен кейін еш өзгеріс болмағанын білген ол қайта шағым жазған. Қоғам белсендісінің мәселе көтеруі, фотосуреттерді жолдап, әкімдікті мазалауы нәтижесінде бүгінде әлгі аталған сауда орталықтары мен басқа да нысандарда заң бұзушылықтардың біразы түзетілген.

"Мемлекеттік реттеудің қолданыстағы тетіктері қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейді. Өйткені олар тек болған фактілердің салдарын жоюға бағытталған. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 75-бабында тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Алайда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2015 жылдан бері осы бап бойынша бар-жоғы 2 іс тіркелген, оның өзінде тек ескерту жасалған", – деп түсініктеме берді Тіл саясаты комитеті.

Бұған қоса, тілге қатысты бұзушылықтарды анықтау жүйесіз сипатқа ие және сыбайлас жемқорлық көріністерін тудыруы мүмкін екен.

Жаңа тетік қалай жұмыс істейді?

Сондықтан тіл жанашылары бар қатемен күресе бермей, сол қателерді ары қарай болдырмаудың жолын іздеу керек дейді. Яғни, құқық бұзушылықтардың алдын алатын тетік қажет. Тиісінше, маңдайшадағы жазу орналастырылғанға дейін тексеруден өтіп, бекітілуі керек.

Тіл комитетінің бұл құзыры меншік түріне қарамастан барлық жеке және заңды тұлғаларға, бүкіл кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық және ондай емес ұйымдарға таралуға тиіс.

Осыған орай Үкімет бастамашы болған және Парламентке енгізген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына Мәжіліс депутаттары тиісті түзетулер енгізіп отыр.

Бірақ олар қабылдануы үшін бұл идеяны барлық мүдделі министрліктер және кәсіпкерлік қауымдастықтар қолдауы, қарсы болмауы қажет.

Сонда Қазақстанда маңдайшаларды орналастыру туралы хабарлама тәртібі енгізіледі. Яғни, қандай да бір компания не ұйым маңдайшаны орналастырудың болжамды күніне дейін кемінде 5 жұмыс күні бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жібереді. Ары қарай әкімдік маңдайша мәтінінде грамматикалық, орфографиялық қателердің болмауын, мәтіннің дұрыс аударылуын қарайды.

Хабарламаға біріншіден, маңдайшаны орналастыру орны туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер нысаны, екіншіден, маңдайшаның екі тілдегі эскизі қоса беріледі. Әкімдік ескертулер берген жағдайда маңдайша кемшілік түзетілген соң ғана орнатылуы мүмкін.

Бұл еліміздің ойлап тапқаны емес, халықаралық тәжірибе: мысалы, Ресейде, Украинада және Беларусьте уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатын алмай, бірде бір маңдайша ілінбейді.

Ал қазақстандықтар болса, мемлекеттік тіл мәртебесінің сау-тамтығын қалдырмайтын, тіл туралы заңнаманы аяққа таптайтын сорақы "көрнекі жазуларға" қатысты шағымдануын жалғастыруда. Тек билікте оларды тыңдайтын құлақ жоқтай.

Атап айтқанда, 2016 жылы жергілікті әкімдіктерге көрнекі ақпаратты ресімдеудегі бұзушылықтар туралы 4 665 өтініш түссе, 2017 жылы олардың легі – 10 441-ге дейін артқан. Ал 2018 жылы – 12 886-ға, 2019 жылы – 12 900-ге жетті. 2020 жылы пандемия және жүріс-тұрыс шектелген кезеңде өтініштер саны азайған. Былтыр көрнекі ақпарат бойынша жедел желіге 3 442 шағым түсіпті.

Егер жаңа заң жобасымен бірге аталған норма қабылданып, хабарлама тәртібі енгізілсе, Тіл саясаты комитеті өз кезегінде, емле ережелерін сақтау талаптарын анықтайтын ережелерді немесе әдіснаманы әзірлеуді жоспарлап отыр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу