Тіл майданы қозғалысы Дәурен Абаевты сотқа бермек пе

3039

Тіл майданы қозғалысы мәлімдеме жасады. Мәлімдемені қозғалыс мүшелері видеоүндеу арқылы таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz

Тіл майданы қозғалысы Дәурен Абаевты сотқа бермек пе

Тіл майданы қозғалысын бастаған Қуат Ахметовтың айтуынша, Ресей тарапы Қазақстан билігіне қысым жасап отыр. Ал адвокат Абзал Құспан видеоүндеуде Тіл майданы қозғалысының алдағы жұмыс жоспары туралы сөз қозғады.

"Ақылдаса келе мынадай шешім қабылдадық. Біріншіден, қазақ халқының намысына тиген Абаев мырзаны (Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – Дәурен Абаев) сотқа беру туралы мәселені қарастыратын боламыз. Сотқа беру жылдам бола салатын процес емес. Сотқа дейінгі процедуралар бар. Соны ақылдасатын болдық. Екіншіден, Тіл майданы жұмысы өзінің жұмысын жалғастырып қана қоймай, жандандыратын болады. Осы жұмысқа әрқайсыңыз, бұрын соңды Тіл майданы қозғалысына қатыспағандар болсын, міндетті түрде қазақ тілді емес, орыс тілді қазақтар – бәріңізге атсалысуды шақырамын. Бәріңізді "үңгірдегі ұлтшыл" болуға шақырамын. Неге десеңіз, Тіл майданы қозғалысы тек Қазақстан аумағында жұмыс атқарып келген қозғалыс. Біз Тілдер туралы және Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң шеңберінде қызмет атқарып келдік", – дейді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, қазір билік Қуат Ахметовтың үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғағалы отыр. Ол хабарды Тіл майданы қозғалысының мүшелеріне құқық қорғау органдарының құрамындағы қазақтың патриот азаматтары хабарлаған.

"Егер ұлт патриоттары Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевтың үстінен қозғағандай, Қуат Ахметовтың үстінен қылмыстық іс қозғалса, онда бізге заң аясынан шығып, саяси қызметке араласуымызға тура келеді. Осы жағдайға бәріңіз дайын болыңыздар. Өйтпесе бәрімізді бір-бірлеп сындырып, елім, жұртым деген азаматтарды құртады", – дейді ол.

Абзал Құспан өзінің адвокаттық жұмысын қайта жандандыруды мақсат тұтып отырғанын айтады. Заңгер тілге, тәуелсіздігімізге қауіп төніп тұрғандықтан, ертеңнен бастап Қуат Ахметовтың адвокаты болып жалғастыратынын мәлім етті.

"Билік тарапынан, биліктің астауынан жем жейтін өсекші сайттар мен блогерлер тарапынан біздің жеке басымызға неше түрлі жала, өсектер қаулайтыны белгілі. Оған назар аудармай-ақ қойыңыздар. Назар аударсаңыздар да, жеке қолдамасаңыздар да, біздің идеямызды қолдауға шақырамыз. Біздің идеямыз – қазақтың тілі! Болды!", дейді ол.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу