Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жариялаған әлемдік рейтингіде қазақстандықтардың орны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 24-тен 25-ке, сондай-ақ Александр Шевченко 56-дан 58-ге сырғыса, Михаил Кукушкин 135-тен 132-ге, Денис Евсеев 160-тан 153-ке көтерілді.
Өткен аптада Бостад (Швеция) ATP 250 турнирінің ширек финалына дейін жеткен Тимофей Скатов 223-тен бірден 38 сатыға жоғарылап, 185-тен бір шықты. Дмитрий Попко 186-дан 187-ге төмендеді.
Көш басындағы үздік үштікте өзгеріс жоқ: Янник Синнер (Италия), Новак Джокович (Сербия) және Карлос Алькарас (Испания).
А.Шевченко 22 шілдеге қараған түні Хорватияда өтіп жатқан Умаг ATP 250 жарысының алғашқы айналымында тартысты матчта мажарстандық Фабиан Марожаннан жеңіліп қалды – 4:6, 6:4, 6:7 (8:10).
Жұптық сында Александр Недовесов 49-дан 54-ке түссе, А.Бублик – 131, Андрей Голубев 148-орнын сақтап қалды.
Әйелдер арасында Польша өкілі Ига Швентек көш бастаса, америкалық Кори Гауфф екінші, белоруссиялық Арина Соболенко үшінші, қазақстандық Елена Рыбакина төртінші сатыда.
Юлия Путинцева 29-дан 30-ға, жұптық сында Анна Данилина 50-ден 48-ге ауысса, Жібек Құламбаева 140-орында.
Ж.Құламбаева кеше Прага WTA 250 додасында іріктеу сайыстарының финалында ресейлік Оксана Селехметьевадан 1:6, 3:6 есебімен ұтылып, негізгі жарысқа қосыла алмады. Сондай-ақ оның жұптық сындағы қадамы да сәтсіз болды. Осы турнирдің алғашқы айналымында қытайлық Фэн Шомен бірге чехиялықтар Барбора Палицова – Доминика Шалковаға есе жіберді – 5:7, 2:6.