20 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Astana Open ATP 250 турнирінің алғашқы ойынында италиялық Андреас Сеппиді жеңді, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Италиялық бірінші партияда бір брейкпен алға шыққан, алайда жетінші геймде Тимофей белсенді әрекеттерінің арқасында ре-брейк жасап, матчтағы тепе-теңдікті қалпына келтірді. Қарсыластар өздерінің доп берудегі әрекеттерінде қателік жасаған жоқ, сондықтан сет біртіндеп тай-брейкке ұласты. Ойындағы басымдық есеп 3: 4 болған кезде басталды, Сеппи екі форхендтен соғу кезінде екі қателік жіберді, ал Скатов сеттегі жеңісті өзінің доп беруі кезінде қамтамасыз етті - 7:3.
Екінші сетте Андреас ортаңғы сызыққа қарай ұрған соққылары өте бастады, сол себепті қысқа соққылар жұмсады. Бұл тартыста италиялық жеңді - 6:4. Ал шешуші ойын кезеңде Скатов брейк жасап, 3:0 есебімен алға шықты. Әбден сілесі қатқан Сеппи ойынды толығымен қарсыласының қолына ұстата салды. Біздің теннисші ізгі ниеттің белгісі ретінде қарсыласына бір геймді "сыйға тартты". 2 сағат 56 минутқа созылған текетірестің нәтижесі 7:6, 4:6, 6:1 Тимофей Скатовтың пайдасына шешілді.
Екінші айналымда Скатов әлемнің 52-ші ракеткасы, белоруссиялық Илья Ивашка мен әлемдік рейтингте 169-шы ракеткасы Швеция өкілі Элиас Имер арасында өтетін кездесу жеңімпазымен сынға түседі.
Сонымен қатар Дмитрий Попко іріктеу финалында үш сетте тәжірибелі аустралиялық, аралас жұп санатындағы Australian Open жеңімпазы Мэттью Эбденді 3: 6, 6: 3, 6: 4 есебімен жеңді. Матч 2 сағат 2 минутқа созылды. Дмитрий бес рет эйс жасап, үш брейк-пойнтты жүзеге асырды және екі қосарланған қателік жасады. Ал Эбден үш рет эйс жасады, алты брейк-пойнттың екеуін жүзеге асырып, төрт қосарланған қателікке жол берді.
Айта кетейік, Astana Open турнирінде жекелей сында Тимофей Скатов пен Дмитрий Попкодан бөлек тағы екі тәжірибелі қазақстандық теннисші - Александр Бублик пен Михаил Кукушкин өнер көрсетеді.
Ермұхамед Мәулен