Тимофей Скатов жартылай финалда

1407

Теннис турнирі Италияның Розето-дельи-Абруцци қаласында өтуде.

Тимофей Скатов жартылай финалда

Италияда "Челленджер" сериясының жекелей турнирінде қазақстандық теннисші 1/4 финалда хорват Нино Сердарушичті жеңді. Екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу 6:4, 7:6 (7:5) есебімен аяқталды.

Сердарушич пен Скатов бұған дейін бір-ақ рет кездесті. 2021 жылдың шілдесінде Перуджада өткен Челленджерде 1/4 финалдағы кездесуде хорватиялық теннисші үш сетте 6:7, 6:4, 6:4 есебімен Тимофейді жеңген болатын. Қазақстандықтың бүгінгі жеңісінің арқасында қарсыластардың жеке кездесулеріндегі есеп теңесті. Кездесу барысында Тимофей бірде-бір қателік жібермей, қатарынан жеті ұпай иеленіп, үш геймді өз еншісіне жазды. Жарыстың жартылай финалында Скатов Қытайлық Тайпейден келген Цзэн Ченмен ойнайды. Кездесу бүгін елорда уақытымен 17:20-ға жоспарланған.

Сонымен қатар қазақстандық теннисшілер АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан ірі додаға қатысқан болатын. Өкінішке орай аталған турнир еліміздің теннисшілері үшін аяқталды. Андрей Голубев Германия өкілі Александр Зверевпен жұптасып, ATP 1000 санатындағы жарыстың финалына шыға алмады.

Жұптық сайыс бойынша жартылай финалда Голубев пен Зверев америкалық Джон Иснер мен Джек Сокқа екі сетте де ұтылды – 3:6, 2:6. Бір сағат бір минутқа созылған матчта Голубев пен Зверев үш рет допты ойынға қосу барысында қиыс кетіп, үш қос қателік жасап, үш геймде де жеңіліс тапты.

Ал Әлемнің алтыншы ракеткасы Мария Саккари Индиан-Уэллстің ширек финалында WTA рейтингінде 20-шы сатыда тұрған қазақстандық теннисшісі Елена Рыбакинадан басым түсті. 1 сағат 40 минуттық жекпе-жекте Мария алты эйс жасап (Еленаның төрт эйсіне қарсы), төрт қосарлы қателік жіберсе, Елена  үш рет қателесті. Қорытынды есеп 7:5, 6:4. Осылайша грекиялық теннисші жеке кездесулердегі есепті теңестірді – 1:1.

Бүгін Мария Саккари испаниялық Пауло Бадосоны 6:2, 4:6, 6:1 есебімен жеңіп, Индиан-Уэллстің финалисі атанып отыр. Ол 21 наурыз күні финалда  польшалық Ига Свёнтекпен кездеседі.

Ал ерлер арасында әзірге тек жартылай финалистер ғана анықталды. 19-наурыздан 20-наурызға қараған түні елорда уақытымен 2:00-де ресейлік Андрей Рублев америкалық Тейлор Фрицпен, 3:20-да испаниялық Рафаэль Надаль өзінің жерлесі Карлос Алькараспен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу