Тимур Құлыбаев әлем чемпионын марапаттады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2274

Юлия Галышева "Құрмет" орденінің иегері атанды.

Тимур Құлыбаев әлем чемпионын марапаттады Фото: olympic.kz

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев фристайлдан Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы Юлия Галышева мен фристайл-могулдан ұлттық құраманың бас бапкері Елена Круглыхинаға ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан мемлекеттік награда табыстады. ҚР президентінің 2018 жылғы 5 желтоқсандағы №798 Жарлығына сәйкес, олар "Құрмет" орденімен марапатталды.

"Мемлекеттік наградаларыңызбен құттықтаймын! Сіздер шын мәнінде үлкен жұмыс атқардыңыздар. Өткен жылы Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетіп, биылғы әлем чемпионатында барша жанкүйерді алтын медальмен қуанттыңыздар. Бұл жеңіске барар жолдың оңай болмағанын білемін. Алдымен қола жүлдеге қол жеткізіп, келесі әлем чемпионатында күміс медаль еншіледіңіздер. Қазақстан спорты тарихында тұңғыш рет могулдан әлем чемпионы атандыңыздар. Сіздерді биіктен көрінгенімізге қуаныштымыз. Мемлекет басшысының қолдауы мен үкіметтің жүйелі жұмысы еліміздегі спорттың дамуына серпін беріп, жақсы нәтижелер тіркелуде. Осы орайда, қысқы және жазғы спорт түрлерін тең дәрежеде дамытып отырған Шығыс Қазақстан облысы басшылығының еңбегін атап өткім келеді", – деді Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті.

Бас бапкер Елена Круглыхина өз сөзінде, отандық спортқа мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. 

"Жоғары марапатқа ие болғанымызға қуаныштымыз. Бізге шын мәнінде үлкен қолдау көрсетілуде. Бүгінде толыққанды команда жасақтадық. Жаттығу жұмыстарын жүргізіп, жоғары нәтиже көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Ұлттық Олимпиадалық комитет пен мәдениет және спорт министрлігінің қолдау нәтижесінде елімізде дайындалуға жол ашылды", – деді Елена Круглыхина.

Спортшы Юлия Галышева да еңбекті бағалаған президент пен Ұлттық Олимпиадалық комитеттің басшылығына алғысын білдірді.                

"Құрмет" ордені – менің осы күнге дейін алған ең жоғарғы наградам. Бұл марапат әрі қарай тынымсыз еңбектенуге зор серпін береді. Мемлекет басшысымен және Олимпиада комитетінің президентімен өткен бүгінгі кездесу еліміздегі спортшылардың қолдаусыз қалмайтынын көрсетті. Біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Биік шыңдарды бағындыру үшін аянып қалмаймыз", – деді Юлия Галышева.

Тимур Құлыбаев жыл басынан бері жанкүйерлерді жетістігімен қуантқан спортшылардың еңбегін ұмыт қалдырған жоқ. Фристайл-могул спортының өкілдерінен бөлек, кездесуге "Төрт құрлық чемпионаты" турнирінің күміс жүлдесін еншілеген мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, Лахтиде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сергей Ткаченко және WBC нұсқасы бойынша бірінші орта салмақта жастар арасындағы әлем чемпионы атанған Садриддин Ахмедов те қатысты.

"2019 жыл Қазақстанда "Жастар жылы" деп жарияланды. Жас спортшыларымыздың жылды жеңіспен бастағаны қуантады. Біздің құрамада Юлия секілді көшбасшылар бар. Олардың соңынан таланатты жастардың еретініне сенімдімін. Біздің спортшылар бүгінгі жетістікпен шектелмей, болашақта жаңа жеңістерімен қуантады деген сенімдемін", – деді Тимур Құлыбаев.

Кездесу барысында спортшылар алдағы жоспарларымен бөлісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу