Тимур Құлыбаев: Бүгін бәріміз үшін қаралы күн

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2631

Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Денис Теннің ата-анасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Тимур Құлыбаев: Бүгін бәріміз үшін қаралы күн

Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев мезгілсіз дүниеден өткен Денис Теннің ата-анасы Оксана Алексеевна мен Юрий Александровичке көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Өз атымнан және Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің, сондай-ақ еліміздегі барлық спорт қоғамдастығының атынан ұлдарыңыз Денис Теннің мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты қайғырып көңіл айтамын. Бүгін жас спортшыны танитын, оның шығармашылығын бағалап, талантымен мақтанатын барша қауым үшін қаралы күн. Өзінің спорттық ғұмырында Денис қайтпас рухымен, қайсарлығымен, чемпиондық мінезімен көзге түсті. Ол жас болғанына қарамастан, отандық мәнерлеп сырғанау спортының ұшар басында тұрды. Бүгін Қазақстан спорты өзінің даңқты чемпионын жоғалтып алды. Біз сіздермен бірге қайғырамыз. Денис Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады", – делінген көңіл айту хатында.

Естеріңізге салайық, 19 шілдеде мәнерелеп сырғанаушы Денис Тенге қастандық жасалды. Қарақшылар оны Алматыда пышақтап кетті.

Оқиға Құрманғазы мен Байсейітов көшелерінің қиылысында, 15:00-де орын алды.

"Белгісіз екі азамат спортшының көлігінен айнаны ұрламақ болған сәтте төбелес шығып, күдіктілер Тенді пышақтап кеткен. Аталмыш факті бойынша тергеу басталды. Қылмыс жасаған азаматтарды анықтау және ұстау үшін Алматы қалалық ІІД барлық негізгі құрамы жұмылдырылды", деп хабарлаған болатын Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің дерегінше, бейсенбі 19 шілде күні сағат 14.56-да жедел жәрдемге пышақ жарақатын алған адам туралы хабар түскен. Оқиға орнына жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілген.

"Денис Тенді жедел медициналық жәрдем бригадасы орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді. Бастапқы диагнозы – оң жамбасының  үстіңгі бөлігінен пышақ жарақатын алған, тамырларына зақым келген, қан жоғалтқан. Аурухана түскенде науқастың жағдайы өте ауыр болды, шұғыл түрде жансақтау шаралары атқарылды, білікті мамандардың барлығы науқасты емдеуге кірісті", деп мәлімет берген қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу