Тимур Құлыбаев Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендерге төлем аударуды бастады

5311

Танымал меценат осы мақсатта 31,4 млрд теңге бағыттады.

Тимур Құлыбаев Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендерге төлем аударуды бастады Фото: inbusiness.kz

Кешеден бастап "Халық" қайырымдылық қоры Halyk Bank-пен бірлесіп, Атырау облысына қарасты Құлсары қаласындағы тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға атаулы қаржылық көмек төлей бастады. Қордың негізін қалаушы әрі белгілі меценат Тимур Құлыбаев осы мақсатта 31,4 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың қайғысына ортақпын. Біз алғашқы күндерден бастап тасқыннан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетудеміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен барлық қиындықты бірге еңсеретінімізге сенімдімін", - деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Дайындық жұмыстарының қорытындысы бойынша кешелі бері Атырау облысындағы Құлсары қаласы азаматтарының жеке тұрғын үйін қалпына келтіруге төлемдер беру басталды. Тәуелсіз сарапшылар залалды бағалауды жүргізеді, тізімдерді әкімдіктердің жедел штабы зардап шеккендерден алынған өтініштер негізінде дайындайды.

Алынған қаражатты қолданыстағы тұрғын үйді жөндеу немесе жаңа тұрғын үй сатып алу үшін жұмсауға болатынын атап өткен жөн. "Халық" қоры мен Halyk Bank көмек қолын соза отырып, осы шаралар апаттан аман қалған және баспанасынан айырылған отандастардың қайтадан қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді деп сенеді.

Айта кету керек, осыған дейін "Халық"қоры мен Halyk Bank өз қаражатынан Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау және Абай облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қызметкерлердің бір күндік жалақысын қоса алғанда 1 млрд 445 млн теңге бөлді. Бұдан бөлек "Халық" қорының негізін қалаушы Тимур Құлыбаев Атырау облысын қалпына келтіруге қосымша 30 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Тиісінше тасқынға қарсы күреске 31,4 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу