"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы Тимур Құлыбаев пен кәсіпкер Қайрат Боранбаев Алматы қаласы әкімдігінің сұранысымен коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында сегіз заманауи Ford Tranzit жедел жәрдем көлігін сатып алды.
Оларда барлық қажетті медициналық жабдықтар бар. Атап айтсақ, электрокардиограф (ЭКГ), өкпені жасанды инвазивті және инвазивті емес желдететін аппарат, оттекті ингалятор, ларингоскоп, аспиратор, сырғыма арбалар сынды медициналық құралдар.
Мобильді орталықта сынамалар алуға, полимеразды тізбекті реакция жүргізіп, тез арада инфекцияны анықтауға болады. Көлікте медицина мамандары мен жүргізушіге арналған қорғаныш құралдары, 2 мың литр дезинфекциялық сұйықтық бар. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосуды қажет ететін науқастарды тасымалдауға арналған арнайы техника Шымкент қаласындағы "Қазмедаспап" ЖШС базасында жабдықталған.
Барлық жедел жәрдем көліктері Алматының коронавирустық инфекциямен күресіп жатқан медициналық мекемелеріне беріледі. Әсіресе індетті бастапқы кезеңде анықтау мен мегаполистің шеткі аудандарындағы жағдайы ауыр науқастарды тасымалдауға жұмылдырылады.
Көмекті "Халық" қайырымдылық қоры "Медикер Ассистанс" медициналық компаниясының, INVIVO зертханалар желісі және Medical Partners Korea Qazaqstan клиникаларының қатысуымен жүзеге асырған.
Құралай Құдайберген