Тимур Құлыбаев: Сіздер әлемдегі ең мықты құрамалардың бірісіздер

1936

ҰОК президенті бокстан Қазақстанның ерлер және әйелдер командасымен кездесті.

Тимур Құлыбаев: Сіздер әлемдегі ең мықты құрамалардың бірісіздер

Спортшылар олимпиадаға іріктеу турнирінің алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Olympic.kz. 

Екі команданың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев пен Ерік Алғабектің айтуынша, спортшылар нағыз бабында және олимпиада жолдамасына таласуға дайын.

Ауыр салмақтағы боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Василий Левит АҚШ-тағы жиын туралы әңгіме қозғап, олардың жаттығу жүйесінен көп нәрсе түйгенін жеткізді. Сондай-ақ, атлеттер жаттығуға жағдай жасап, медициналық тұрғыдан қолдау көрсеткені үшін ҰОК басшысына алғыс айтты.

Бүкіләлемдік бокс академиясы мен команданың астанадағы базасында спортшылар заманауи құрылғылармен жабдықталған Prosport медициналық орталығының қызметіне жүгінуде. Боксшылардың жеңіске жетуі үшін бар жағдай жасалған, өз кезегінде олар да аянып қалмайтынын мәлімдеді. 

Тимур Құлыбаев боксшылардан Қазақстан халқы Олимпиада ойындарында үлкен үміт күтетінін айтты. 

"Сіздер әлемдегі ең мықты құрамалардың бірісіздер. Бізде жеңісті дәстүр сабақтастығы мен жақсы резерв бар. Барлықтарыңыз да Олимпиада жолдамасын жеңіп алатындарыңызға сенімдімін. Қыздар алғаш рет бес салмақ дәрежесінде сынға түседі. Сіздерге бүкіл ел сенім артады, барлығымыз жанкүйер боламыз. Сондықтан, баршаңызға табыс тілеймін!", – деді ҰОК басшысы.

Азия және Океания спортшылары арасындағы "Токиоға апарар жол" іріктеу турнирі 3 наурыз күні Иорданияның Амман қаласында асталады. Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы жергілікті климатқа бейімделу мақсатында 28 ақпан күні Амманға ұшып кетеді. Амманда 63 Олимпиада лицензиясы өз иесін табады.

Ғалымбек Кенжебаев кем дегенде алты жолдамадан, Ерік Алғабек үш жолдамадан үмітті екенін мәлім етті.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу