Тимур Құлыбаев ҰОК-тің 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дайындығын тексерді

2129

Олимпиадаға 178 күн қалғанда еліміздегі басты олимпиадалық ұйымның департамент және бөлім басшылары аралық жұмысын қорытындылап есеп берді.   

Тимур Құлыбаев ҰОК-тің 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дайындығын тексерді

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев ҰОК қызметкерлерімен Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысты жиналыс өткізді, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитеті баспасөз қызметі. Олимпиадаға 178 күн қалғанда еліміздегі басты олимпиадалық ұйымның департамент және бөлім басшылары аралық жұмысын қорытындылап, есеп берді. Былтырдан бастап ҰОК-те спортшылардың дайындығын бақылап, ұлттық құраманың бас бапкерлерімен тұрақты тілдесіп отыратын арнайы топ құрылған болатын. Спортшылардың шетелдегі жаттығу жиындары мен халықаралық сындар, сондай-ақ,  арнайы іріктеу турнирлеріне дайындығы Олимпиада комитетіндегі спорт менеджерлерінің басты назарында.

"Олимпиада ойындарына дайындық ретінде жоспарланған барлық іс-шаралар күнтізбе бойынша өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін ешқандай келеңсіз жағдайға тап болмадық. Барлық құрамаға жағдай жасалған",- деді спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов. 

Оның айтуынша, жолдама жолындағы талас әлі де жалғасуда. Биыл отандық спортшылар екі лицензиялық әлем чемпионаты, 12 әлемдік іріктеу турнирі, 22 әлем кубогінің кезеңі, 30 Гран-при кезеңі мен халықаралық рейтингілік турнирлерге қатысады. Токио Олимпиадасына дайындық кезеңінен бөлек, ҰОК басшысы спорт Дирекциясына жақында Лозаннада аяқталған жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасын қорытындылап, сараптама жасауды тапсырды. Айта кетерлігі, жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінбеді.

"ҰОК қызметі ұлттық құрама командалардың ересек құрамын жаттықтыруға бағытталғанына қарамастан, біз жастар мен жасөспірімдер командаларының дайындығына бей-жай қарамауымыз керек.  Өйткені, бұл біздің болашағымыз. Резервте не болып жатқанын үнемі бақылауда ұстап, келешекте ұлттық құраманы кімге сеніп тапсыратынымызды білуіміз қажет", - деді Тимур Құлыбаев.
"Таза" спорт үшін күрес және допингке нөлдік төзімділік Олимпиадалық комитет жұмысының ең басты бағыттары екені анық. Өткен жылдың желтоқсан айында "Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңына қол қойылды. Мұнда тыйым салынған дәрі-дәрмектер мен субстанцияларды тағайындағандарға, таратқандарға, қолданғандарға қатал жаза қарастырылған.

"Допингке нөлдік төзімділік тек сөз жүзінде қалмауы тиіс. Егер спортшылар біздің сенімді ақтамай, тыйым салынған заттарға жүгінетін болса, біз оларға қатысты шара қолданамыз. Осы орайда, мұндай әрекеттің жазасыз қалмайтынын және салдары ауыр болатынын басқа спортшылар көруі қажет. Олар спорттан тыс әрекет үшін жауапкершілік үлкен екенін сезінуі керек", - деген ҰОК басшысы спортшыларды ақпарттандыру деңгейін дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Спортшыларға сапалы медициналық қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Спорттық медицина және антидопинг Департементінің директоры Ғалия Біләлованың айтуынша, қазіргі таңда кешенді-ғылыми топтарда (КҒТ) жалпы есебі 120 маман жұмыс істейді. Олардың ішіндегі 30 маман Олимпиада ойындары кезінде Қазақстанның медициналық штабында қызмет атқарады. ҰОК президенті КҒТ қызметкерлерін аттестациялауды, кадрлар дайындауды және мамандардың біліктілігін үнемі арттырып тұруды тапсырды.

Жиын барысында жақында Алматы облысында ашылған "Prosport" заманауи спорттық медициналық орталығының үлкен рөлі де сөз болды. Аталған орталықта функционалды тестілеу, спортшыларды оңалту және қалпына келтіру қарастырылған, сондай-ақ, мұндай зертхана мен медициналық аймақ бар. Алдағы уақытта спортшылар көп жиын өткізетін Нұр-Сұлтан қаласында орталықтың филиалын ашу жоспарлануда.

Қазақстан ҰОК-тің бас офисі де үлкен жұмыс атқарып жатыр. Олар Ұлттық құрама спортшылары тек қана басты бәсекелерге дайындалу үшін бар мүмкіндікті жасауда. 2018 жылы ұлттық құрама командалардың дайындығын қадағалау туралы мемлекеттік тапсырманы мойнына алғалы бері, Қазақстан ҰОК толығымен қолма-қол ақшасыз операцияларға өтіп, спортшылардың өзіне де тікелей төлем жіберуде.

Жемқорлық қаупіне жол бермеу Олимпидалық комитеттегі барлық корпоративті жұмыстардың негізі саналады. Былтыр Қазақстан ҰОК пен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттік арасында Меморандумға қол қойылды. Бұл спорт саласындағы ашықтықты, есептілік пен бақылауды көрсетеді.

ҰОК-тің тікелей бастамасымен ұйымдардың жемқорлыққа жол бермеу қаупіне арнайы ішкі сараптама жасалды. Сараптама нәтижесі бойынша, алдағы уақытта ашықтық  пен жемқорлық қаупіне жол бермеу сабақтары туралы ұсыныс айтылды. Одан бөлек, қаржылық есеп аудиті үшін ҰОК осымен төртінші жыл қатарынан Ernst&Young тәуелсіз аудитороның қызметіне жүгінуде. Барлық есептер, мемлекеттік тапсырысты орындауға арналған ҰОК-тің жоспарлы бюджеті, "Олимпиадалық ынтымақтастыққа" қатысты есептердің барлығы да Олимпиадалық комитет сайтында ашық түрде жарияланған және қолжетімді.

"Токиодағы Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Олимпиада лицензиясына таласып жатқан спортшылардың ғана емес, құрама команда дайындығын қадағалайтын топтың да жауапкершілігі артатын кезең келді. Ұйымдастыруға қатысты сұрақтардың барлығы ҰОК-те жұмыс істейтіндерге тікелей байланысты. Оның ішінде, спорттық бағыт, халықаралық бағыт, антидопинг мәселесі – барлығы да бар. Олар біздің күн сайынғы бақылауымызды талап етеді. Біздің бірлескен жұмысымызға спортшылардың табысы да байланысты екенін ұмытпау керек", - деді Тимур Құлыбаев.

Айта кетелік, Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан командасы спорттың 14 түрі бойынша 27 олимпиада лицензиясын жеңіп алған.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу