Тимур Құлыбаев ҰОКҚ атқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды

2380

Токиодағы Ұлттық олимпиадалық комитеттер қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас ассамблеясында Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев 2018-2022 жылдар аралығына ҰОКҚ Атқару комитетіне мүше болып сайланды. 

Тимур Құлыбаев ҰОКҚ атқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды Фото: olympic.kz

Кандидаттар әлемдегі 206 ҰОК арасында қаралды. Атқару комитетіне құрлықтық қауымдастықтар ұсынған 24 олимпиадалық қозғалыстың спорт функционері кіреді, деп хабарлайды Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті баспасөз қызметі.

Айта кету керек, Тимур Құлыбаев Азия Олимпиадалық Кеңесінің вице-президенті қызметін де атқарады. 

Мұндай жауапты қызметке тағайындалу – олимпиадалық қозғалыстың дамуына зор үлес қосқанын, өз еліндегі спорттың дамуында жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін және спортшылардың халықаралық аренада жетістіктерді бағындырғанын көрсетеді. 

Еске сала кетейік, 28-29 қарашада Жапония астанасында жалпы саны екі жүзден астам елдің Ұлттық олимпиадалық комитеттерінің басшылары, әлемдік спорт ұйымдарының басшылары мен халықаралық спорт федерацияларының президенттері кездесті. Спорттық форумға жалпы1400-ден аса адам қатысты. Бұл осы жиынның тарихындағы рекордтық көрсеткіш. 

Ұлттық олимпиадалық комитеттер қауымдастығы (ҰОКҚ) қазіргі уақытта 206 ұлттық олимпиадалық комитеттердің басын біріктіретін халықаралық Олимпиада Комитеті мойындаған халықаралық ұйым болып табылады. Ол 5 құрлықтық бірлестікке – Африка, Америка, Азия, Еуропа және Океанияға бөліп қарастырылады.  ҰОКҚ-ның негізгі міндеттері – барлық ҰОК-ның өзара іс-қимылын қамтамасыз ету және жалпы мәселелерді шешу, олимпиадалық қозғалысты және олимпиадалық ынтымақтастықты нығайтуға, ҰОК арасында Олимпиадалық ынтымақтастықты тиімді түрде таратуға және Олимпиадалық қозғалыстың барлық көріністерінде кемсітушілікті жоюға көмектесу үшін ХОК және құрлықтық бірлестіктермен ынтымақтасу.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу