Тимур Құлыбаев ҰОКҚ атқарушы комитетінің отырысына қатысты

1345

Отырыста ҰОКҚ-ның қазіргі міндеті мен ҰОК-тер үшін өзекті саналатын олимпиада әлеміндегі маңызды оқиғалар туралы сөз қозғалды.  

Тимур Құлыбаев ҰОКҚ  атқарушы комитетінің отырысына қатысты Фото: kp.kz

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Лозаннада өткен Ұлттық Олимпиадалық комитеттер Қауымдастығы (ҰОКҚ) Атқарушы комитетінің 78-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі.

ҰОКҚ атқарушы комитетінің жиыны барысында жарыс кезінде спортшылардың жеке демеушісін жарнамалауға тыйым салатын Халықаралық Олимпиадалық комитеттің (ХОК) Олимпиадалық хартиясының 40-шы ережесі талқыланды. Атқарушы комитет аталған сұраққа қатысты түсініктеме беріп, ереженің өзгеріске ұшырамайтынын және тек қана Олимпиада ойындарына қатысты екенін ескертті. Сонымен қатар, Олимпиададан тыс уақытта спортшылар маркетингтік келісім-шарттарын пайдалана алады, бұған ХОК-тың қандай да бір қатысы жоқ.

Бокстың Олимпиада ойындарындағы тағдыры да талқылаудан тыс қалмады. Белгілі болғандай, Халықаралық Олимпиадалық комитетінің Атқарушы комитеті маусым айында Лозаннада өтетін ХОК сессиясы кезінде Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығын (АІВА) тануды уақытша тоқтату туралы ұсыныс жасады. ҰОКҚ атқарушы комитетінің отырысында аталған оқиға бокстан ұлттық федерациялар мен әр елдегі ҰОК-терге кері әсерін тигізбейтініне баса назар аударылды. Ұлттық федерациялар құрлықтық жарыстарға қатысуды тоқтатпайды, алайда, Олимпиада ойындарына қатысты жағдайлар, әсіресе, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына іріктеу сыны мен олимпиадалық турнир тек қана ҰОК-тер өтінімі бойынша өткізіледі.

ҰОКҚ атқарушы комитетінің келесі отырысы мен Бас Ассамблеясының жиыны биыл күзде Бүкіләлемдік жағажай ойындары кезінде ұйымдастырылады деп күтілуде.

Ақпарат үшін: ҰОКҚ  Атқарушы комитеті Қауымдастықтың басқарушы органы саналады және ұйым Конституциясына сәйкес ҰОКҚ қызметіне толығымен жауап береді. Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев 2019 жылдың қаңтарынан бері ҰОКҚ атқарушы комитетінің мүшелігіне өтті. Атқарушы комитет құрамында халықаралық олимпиадалық қозғалыс деңгейінде мойындалған 32 мүше бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу