Тіркемелерге "тиелген" 20 миллиард шетелге тартты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2143

Қазақ ауылы озық дамыған елдердің бағытына бет қойды.

Тіркемелерге "тиелген" 20 миллиард шетелге тартты

Бұл ұлы көш көлікті болып тұр: ауыл шаруашылығы министрлігі тек биылғы жылы ғана тек ауыл шаруашылығы техникаларына тіркемелер мен аспалы жабдықтарды сатып алуға 20 миллиард теңге жұмсалғанын жария етті.

Бүгін елордадағы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында журналистермен кездескен ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов агроөнеркәсіптік бизнеспен айналысатын азаматтарға техника алуда мемлекет қандай қолдау көрсететінін ақпарат құралдары арқылы жеткізуге тырысты. Бұл кездесуге ол қаржы институттары мен машина жасау зауыттарының өкілдерін ерте келіпті.

Қайрат Айтуғанов шаруаларға отандық аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын алуда жеңілдіктер барлығын атап өтті.

"Бүгінде еліміз бойынша ауыл шаруашылығы техникасының негізгі түрінің 284 мың данасы бар. Оның 70%-ының эксплутациялау мерзімі 15 жылдан асады. Яғни, ескірген. Ауыл шаруашылығы техникасын дамыту және жаңалау үшін біздің министрлік тарапынан бірқатар іс-шаралар жоспары әзірленді", – деді бірінші вице-министр.

Оның дерегінше, ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауды ілгерілету және отандық машина жасау саласын дамыту мақсатында мемлекет өзі көрсететін қолдау түрлерінің критерийлерін қайта қарады.

"Бұрын шетелдік бір комбайн алу үшін 30 миллион теңге көлемінде қаражат керек болса, қазір сол қаражатқа отандық 3 комбайнды субсидиялауға болады", – деді Қайрат Айтуғанов.

Көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың бір түрі – отандық техникалар мен жабдықтарға жеңілдетілген несие беру. Бұл ретте "Аграрлық несие корпорация" басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев жеңілдетілген несие бағдарламасының шарттары мен тетіктері туралы хабардар етті.

Оның айтуынша, "ҚазАгро" холдингінің қаражаты есебінен жылдық мөлшерлемесі 5,5%-дан аспайтын және 10 жылға дейінгі мерзімге шаруаларға жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Жеңілдетілген несие отандық кәсіпорындарда өндірілген аспалы және тіркемелі жабдықтарға беріледі.

"Ақмола және Қостанайдағы кәсіпорындар базасында шағын габаритті аспалы және тіркемелі техниканы шығару ұйымдастырылды. Бұл мақсатқа "КазАгро" ұлттық басқару холдингінің қаражаты есебінен 5 миллиард теңге бөлінді. Лизингтің  шарты бойынша 5,5%-бен 7-10 жыл мерзімге беріледі", – деді Нармұхан Сарыбаев.

Осындай отандық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындардың бірі – Ақмола облысындағы "Қазақстан Аграрлық инновациялық корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады.

Корпорацияның бас директоры Олег Балыбин ауыл шаруашылығы техникасын шығару және іске асыру бойынша ерекшеліктерге тоқталды. Аталған кәсіпорын сұранысқа ие, әрі бағасы да қымбат емес аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникаларын шығару арқылы өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Өйткені қазіргі дағдарыс кезінде дәл осы арзан сегментте сұраныс артып отыр.

Осы орайда Олег Балыбин кәсіпорынның төл сауда желісі түзілгенін атап өтті. Атап айтқанда, "КАИК" ЖШС-ы арқылы ол өз өнімдерін Қазақстанның кез келген аумағына сатуға мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ кәсіпорын "Ауыл шаруашылығы техникаларын механизациялау" қазақ ғылыми зерттеу институтымен "топырақ өңдеу және егіс ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру бойынша конструкторлық құжаттаманы беру бойынша келісім жасапты. Бұл техника түрлері отандық фермерлер егістіктерінде сынақтардан және жергілікті жағдайларға бейімдеуден өтіп болыпты.

Жақын уақытта осы отандық ауыл шаруашылығы техникаларының алғашқы сынақтық үлгілерін шығару және ары қарай сериялық өндірісті бастау жоспарлануда.

Мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың бұл іс-шаралары еліміздегі қолданыстағы өндірістік қуаттылықтарды арттыруға, сонымен қатар, өндірістің жаңа түрлерін ашуға, шығарылатын өнімнің түрлерін көбейтуге жол ашады. Бұл ақыр соңында фермерлерді сипаттамалары бойынша шетелдік баламаларынан еш кем түспейтін сапалы және арзан отандық техника өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бірінші вице-министр Қайрат Айтуғанов әзірге ауыл шаруашылығы техникасы шетелден тасылып жатқанын мойындады. Оның мәліметі бойынша аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын импорттауға 2017 жылы 20 миллиард теңге шығындалыпты.

Сонымен бірге қазақстандық машинажасау өнімдерінің еншісі де артып келеді. Қайрат Айтуғанов биылғы жылы Қазақстанда құрастырылған ұқсас техниканың жалпы көлемі 13 миллиард теңгені құрағанын қосты. Сондықтан министрлік қазақстандық мазмұнның үлесін елеулі арттыруға ден қойды. 

"Нақты шараларды да жасап жатырмыз. Бірінші кезекте, біз министрлік аясында машина жасау департаментін құрдық. Сөйтіп, шағын механизациядан – аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын шығарудан бастадық. Әйтпесе, тек осы техниканы ғана шетелден жыл сайын 20 миллиард теңгеге тасимыз. Жүргізген талдауымыз бойынша біз аспалы және тіркемелі техникаға деген өз сұранысымызды 90 пайызға дейін өзіміз өтей аламыз. Яғни, тиісінше, 90 пайызға импорталмастыру жүзеге асырылады", – деді ол.

Оның айтуынша, қазақстандық техниканың құны орташа алғанда шетелдік баламаларынан бес есеге арзан болып келеді.

Ведомствоның талдау материалдарына жүгінсек, отандық нарықта аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өндірушілер бір емес, бірнешеу екен. Мәселен, "AVAGRO" ЖШС – бүркегіштер, "AZAM-КС" ЖШС – бидайтазалағыштар мен кептіруші құрылғыларды, "ДАФА" ЖШС – шөп оратын машиналар, тырмауыштар, шөміштер, айырлар, малды қысып, тұрақтандыруға арналған станоктар, "Дон Мар" ЖШС – егін ору машиналарын, егін егу кешендері, "КазНИИМЭСХ" ЖШС – топырақ өңдеуші техникаларды, "Экспро" ЖШС – егін егу және ору құрылғыларын, бидай артушы жабдықтарды, "Қазақстан Агро Иновациялық Корпорация" ЖШС – егін егу және ору, бастыру техникаларын, культиваторлар, трактор тіркемелерін жасайды.

Аталған кәсіпорындар шығаратын техника мен жабдықтар сапасы мен бағасы бойынша бәсекеге қабілетті деп танылуда. Мәселен, отандық "AVAGRO ТТ" бүркігішінің құны 5,2 миллион теңге тұрады екен, ал оның шетелдік баламасы – "John Deere"-ды 25 миллион теңгеге ғана сатып ала аласыз.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің отандық өндірістегі тіркемелер мен аспалы техниканы көбірек сатып алуы үшін "ҚазАгро" қанатқақты жоба аясында 4 миллиард теңге жеңілдікті несие қаржы бөліп отыр. Бағдарламаның қаржылық операторы ретінде "Аграрлық кредиттік корпорация" белгіленді. Жеңілдікті несиелендіруге жататын өндірушілер тізімі ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында орналастырылған.

Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы – осы бағыттағы алғашқы қадам болып табылатыны мәлімделді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу