2022 жылдан кейін мыңдаған ресейлік үшін Грузия жаңа өмір бастайтын "жерұйық" мекенге айналған еді. Енді жағдай күрт өзгерді: оларды көшеде полиция ұстап алады, құжатын тексереді, рюкзагын ақтарып, заттарын қопарады, заң бұзғандарға қомақты айыппұл салып, елден қуады. Енді 2027 жылы бұл елден қоныс тапқан көршінің тұрғындарын не күтіп тұр?
Грузия ресейліктерді неге жаппай елден аластап жатыр?
2022 жылғы ақпаннан кейін соғыстан және мобилизациядан қашып, Ресейден ауған мыңдаған адам бұрынғы кеңестік республиканы – Грузияны жаңа өмір бастауға қолайлы ел деп таңдады. Көпшілік үшін бұл елге көшіп бару оңай, арзан, ал, өмір сүру жағдайы жайлы көрінді. Бірақ бүгінде жағдай өзгеріп жатыр, деп жазды inbusiness.kz.
Бұрын Тбилиси көшесінде алаңсыз талтаңдағандар енді әр бұрышта полицияға құжаттарын көрсетуге мәжбүр. Тіпті дәмхана мен мейрамханаларда да тыныш таппайды: жасақтар тексеріспен сау ете қалуы мүмкін.
Ақпарат құралдарының мәліметінше, 2026 жылдың шілдесінен қазанына дейінгі төрт айда ғана Грузиядан 1 200-ден астам шетелдік мәжбүрлі түрде шығарылған. Олардың арасындағы ең көбі – Ресей азаматтары: осы кезеңде 154 ресейлік елден қуылған.
Бір жыл бұрынғы жағдай мүлде басқа еді. 2025 жылдың бүкіл кезеңінде Грузиядан небәрі 73 ресейлік шығарылыпты. Биылғы төрт айдың ішінде бұл көрсеткіш екі еседен де асып кетті.
2026 жылдың он айындағы жалпы көрсеткіш бұдан да алаңдатарлық. Елден 3 650 шетелдік шығарылған. Олардың 600-ден астамы – Ресей азаматтары. Яғни, Грузиядан ең көп аласталған шетелдіктердің арасында ресейліктер "көш" басында тұр.
Бұл Ресейден қоныс аударғандар үшін Грузиядағы бұрынғы еркіндік, тіпті бассыздық дәуірі аяқтала бастағанын паш еткендей. Грузиялық сарапшылар шетелдік мигранттар арасында ең көп заң бұзатыны да ресейліктер екеніне назар аудартады. Мысалы, олар мерзімі өтіп кеткен құжаттарын жаңартуға бас қатыра бермейді екен.
Тек қазан айының өзінде полиция шамамен 20 мың адамды көші-қон талаптары бойынша тексерген. Демек, құжат тексеру бірен-саран адаммен шектелмейді, жаппай жүруде. Грузия билігі шетелдіктерді бақылауды күшейтіп, заңсыз көші-қонмен жүйелі түрде күресуге кіріскен.
Әділін кету керек, елден аққұла ресейліктер ғана қуылып жатқан жоқ. Түркия, Үндістан, Иран және басқа мемлекеттердің азаматтары да тексеріліп, елден шығарылуда.
Релоканттар не дейді?
Deutsche Welle хабарлауынша, Грузияның көші-қон полициясы көшелерде, барлар мен мейрамханаларда, сондай-ақ басқа да қоғамдық орындарда рейд жүргізіп жатыр.
Полицейлер сондай-ақ кез келген шетелдікті көшеде тоқтатып, төлқұжатын, мигрантта болуға тиіс өзге де құжаттарды көрсетуді талап етеді. Сондай-ақ олардың Грузияда қандай негізде жүргенін тәптіштеп сұрайды. Құжаты жетіспесе, жауабы ұнамаса, алып кетеді.
Мұндай тексерулер кейбір шетелдіктің күнделікті тіршілігін қиындатыпты. Юрий есімді Ресей азаматы Тбилисиде кейінгі екі апта ішінде полиция оны екі рет тоқтатқанын әңгімеледі: тәртіп сақшылары құжаттарын ғана тексеріп қоймай, сөмкесін де ақтарған. Тіпті телефонын ашқызып, ішіндегі фотосуреттерді, бейнежазбалар мен хат-хабарларды қараған.
Наталья есімді ресейлік әйелдің де реніші бар көрінеді. Оны бір күннің ішінде бір ауданда бірнеше рет тоқтатқан. Ақыры мұндай тексерулерден әбден ығыр болған ол заттарын жинап, Сербияға көшіп кеткен.
"Не үшін олай істейтінін білмеймін. Бірақ полиция құжаттарымды тексеру үшін күніне бірнеше рет тоқтататын. Жергілікті полиция бөліміндегі қызметкерлердің бәрі мені толық танып алғанша тексерістері жалғаса берді. Мұнысынан әбден шаршадым. Бұған дейін Грузияда көші-қонға қатысты толыққанды тәртіп болған жоқ. Енді ондай жүйе қалыптасуда. Бұл мемлекет үшін пайдалы шығар. Бірақ жағдайы онсыз да қиын мигранттарға оңай тимейтіні анық", – дейді Наталья DW-ға сұхбатында.
Құқық қорғау мәселелерімен айналысатын APUS платформасы да полиция рейдіне тап болған екі ресейліктің оқиғасын жариялады. Оқиға мейрамханалардың бірінде болған. Мекеме иесі ұсталғандардың бірінде жұмыс істеуге рұқсаты болғанын жеткізді. Екіншісі ақысыз тағылымдамадан өтіп жүрген.
Соған қарамастан, полицейлер оларды алып кетіп, екі жолдың бірін таңдауды ұсынған: не елден өз еркімен кетеді, не уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін бәрібір депортацияланады. Екі ер адам да тәуекелге бармай, Грузиядан өз еркімен кетуге келіскен. Сондықтан оларды РФ-пен арадағы "Жоғарғы Ларс" шекара бекетіне жеткізген.
Соғысқа қарсы үн қатып жүрген қоғам белсендісі Денис Куланиннің жағдайы көпшіліктің назарын аудартты. Ол наразылық акцияларына қатысқаннаны үшін тұтқындалып, көші-қон полициясына тапсырылған. Денистің мәліметінше, полицейлер оған: "Сенің бір-ақ жолың бар – Ресейге қайту", – деп ашық айтқан.
Оған жиналып, билет сатып алуға небәрі екі тәулік берген. Бұған қарсылық білдірген белсенді аштық жариялады. Ақыры құқық қорғаушылардың араласуынан кейін ғана Ресейге емес, Арменияға кетуіне мүмкіндік ұсынылды.
Ресейліктерге қатысты тағы бір оқиға қоғамда резонанс тудырды. Әңгіме 43 жастағы Дмитрий Пушкарев туралы. 2026 жылдың қыркүйегінде Ресейдің Бас прокуратурасы Грузияға қашып, жасырынған Дмитрий Пушкарев пен Корней Федуновтың Ресейге табысталғанын хабарлады. Екеуіне де отанында қылмыстық топқа қатысты және есірткі саудасымен айналысты деген айып тағылған.
4 қазанда Дмитрий Пушкаревтің Ресейде қаза тапқаны белгілі болды. Баспасөз мәліметінше, ол Владикавказ – Адлер бағытындағы пойызда қылмыстық-атқару инспекциясының қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін атып өлтірілген.
Енді визаран әдісі құтқармайды
Грузия билігі шетелдіктерге қойылатын талаптарды біртіндеп күшейтіп келеді. Әсіресе, елде ұзақ уақыт тұратын, жұмыс істейтін немесе тұруға рұқсат алғысы келетін адамдарға қойылатын шарттар өзгерді.
2025 жылғы 1 қазаннан бастап Грузияда елде болу мерзімін асырып жібергендерге салынатын айыппұл еселеп ұлғайтылған.
Бұрын көптеген ресейліктер елде бір жыл тұрып, кейін шекарадан бір күнге шығып, қайта кіріп келуді (визаран әдісі) жеткілікті деп санайтын. Кейбіреулер тіпті рұқсат етілген бір жылдық мерзімі аяқталса да, елден шықпайтын, айыппұл төлеп құтыламын деп ойлайтын.
Енді мұндай есеп қымбатқа түсуі мүмкін. Жаңа қағида бойынша:
• Елде болу мерзімін үш айға дейін асырып жібергендер 1 000 лари айыппұл төлейді (1 АҚШ доллары – 2,59 лари). Оларға Грузияға алты ай бойы кіруге тыйым салынады.
• Мерзімді үш айдан бір жылға дейін бұзғандар 2 000 лари айыппұл төлейді. Елге кіруіне екі жылға шектеу қойылады.
• Бір жылдан астам уақыт заңсыз жүргендерге 3 000 лари айыппұл салынады. Олар Грузияға үш жыл бойы кіре алмайды.
Тағы бір мәселе бар: шетелге шығып, қайта оралған адамды Грузия өз шекарасынан кіргізбей қоюы мүмкін. Әсіресе, бірнеше жыл бойы тұруға ықтиярхат алмай, құжаттарын заңдастыруды кейінге қалдырып келген ресейліктерге қауіп төнді.
2026 жылғы 1 наурыздан бастап шетелдіктердің жұмыс істеуіне қатысты жаңа талаптар да күшіне енді. Енді Грузияда жұмыс істеп, жергілікті нарықтан табыс тапқысы келетін шетелдіктер арнайы жұмысқа рұқсатты алуы шарт. Сонымен бірге елде тұруының заңды негізін де рәсімдеуге міндетті.
Бұл талап жалдамалы жұмысшыларға, жеке кәсіпкерлерге және өз бетінше жұмыс істейтін адамдардың кейбір санаттарына қатысты.
Рұқсатсыз жұмыс істеген адамға 2 000 лари (шамамен 775 доллар) айыппұл салынады. Жаза жұмысшыға да, оны жұмысқа алған кәсіпкерге де қолданылуы мүмкін. Егер заң бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі еселеп өседі.
Тұруға ықтиярхат алудың тағы бір жолы – Грузиядан жылжымайтын мүлік сатып алу еді. Бірақ бұл мүмкіндік те бұрынғыдай қолжетімді емес. 2026 жылғы 1 наурыздан бастап ықтиярхат алуға негіз болатын жылжымайтын мүліктің ең төменгі бағасы 100 мың доллардан 150 мың долларға көтерілді.
Бұрын Грузияға көшіп барсаң, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, пәтер жалдап, еш алаңсыз өмір сүруге болады деп есептелетін. Енді бұл әдісті іске асыру әлдеқайда қиын. Құжат рәсімдеу де, жұмыс істеу де, елде тұрақтап қалу да бұрынғыдан қымбат әрі күрделі бола түсті.
Грузиндердің 70 пайызы ресейліктерге сенбейді
Грузия билігінің көші-қон тәртібін неге соншалықты қатаңдатқанын түсіну үшін тек заңдағы өзгерістерді ескеру жеткіліксіз. Мұның астарында қоғамдағы көңіл-күй де жатыр.
2022 жылдан кейін Ресейден Грузияға ондаған мың адам көшіп келді. 2024 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша Ресей азаматтары Грузияда тұрақты тұратын шетелдіктердің ең үлкен тобын құрайтыны анықталды. Сол кезде олардың саны 37 715 адам болған.
Содан бері саны одан да көбейді. Алайда ресейліктердің көптеп келуі жергілікті халықтың бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. CRRC зерттеу орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес, грузиндердің шамамен 70% Ресейден келген мигранттарға сенімсіздікпен қарайды.
Әрине, релоканттардың келуі Грузия экономикасына пайда әкелді. Елге жаңа ақша ағыны құйылды, жаңа кәсіпорындар ашылды, жұмыс орындары көбейді. Қызмет көрсету саласында сұраныс артты. Мұның бәрі жергілікті экономикаға оң әсер етті.
Бірақ экономикалық пайда қоғамдағы наразылықты баса алмады. Ресей империясымен байланысты ауыр тарихи оқиғалар, 2008 жылғы Грузия–Ресей соғысы, саяси қайшылықтар және мигранттарға бола жұмысынан, нәпақасынан айрылған жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы да теріс әсерін тигізді. Инвестиция және жаңа жұмыс орындары халықтың күдігін сейілте алған жоқ.
Содан қазіргі кезде ресейліктерге ары қарай қалу үшін жаңа талаптарға сай қосымша құжат жинап, қосымша шығындалуға тура келуде. Басқалары жиған-тергенін буып-түйіп, Сербияға, Арменияға, Еуропаға немесе Азияға көшуде.
2027 жылы ресейлік мигранттарды не күтіп тұр?
Табиғаты тамаша, таулары заңғар Грузияға турист ретінде барып, демалып қайту – бір ғанибет. Мұндай туристерге жергілікті жұртшылық та күлімсірей қарайды, құшақ жаяды. Ал, егер жатжұрттық жан үй жалдап, тұрақты тұруға ынта-ықылас білдірсе, тұрғылықты халықтың түсі күрт суиды.
Былтырғы күзден бері көші-қон заңнамасын үстемелете қатайтып жатқан Грузия билігі де қоғамның ауанына ден қойып, бүгінде шетелдіктерге қатаң талаптар қойып жатыр. Заңды құжаты жоқ адамдарға көп аяушылық танытпайды. Жұмыс істеу үшін арнайы рұқсат алуы керек, ал, ұзақ уақыт тұру үшін қосымша шарттарды орындауы қажет. 2027 жылы жаңа талаптар күшіне енеді деп күтілуде.
Кеше ғана мыңдаған релокантты құшағына басқан ел бүгін олардың әр қадамын жіті бақылауға көшті. Біреулер жаңа ережелерге бейімделуге тырысады. Енді біреулер басқа елден пана іздеуге мәжбүр болады.
Осылайша, мазасыз Ресейден кетіп, тыныш өмір іздегендердің кейбірі енді екінші рет қоныс аударудың қамына кірісіп жатыр. Алайда келесі барған ел ресейліктер үшін қашанға дейін қауіпсіз, алаңсыз мекен болып қала алатыны да белгісіз.