ТМД-ға танылмай тұрмыз

3257

Көлік құрастырушы ел ретінде күні бүгінге дейін Ресей нарығынан аса алмадық.

ТМД-ға танылмай тұрмыз

Өткен жылдың 29 желтоқсанында "Қазақстан әлемдік астық нарығында есе жіберіп отыр" деген тақырыппен abctv.kz  порталында жарық көрген мақалада отандық автокөліктердің Ресейге экспорты оңайға соқпай тұрғаны жайлы жазылған еді. Мақалада Қазақстан автобизнесі қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьевтің: "ЕАЭО нарығының негізін құрайтын Ресей автонарығына шығуға шектеу бар",- деген пікірі келтірілген болатын.  Бұл ойды abctv.kz-ке берген сұхбатында "Астана Моторс" компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов та растады.   

"Ресейге көлік эспорттау туралы мәмілеге келу оңай болған жоқ. Біз мүмкін емес жағдайды жеңдік. Өйткені қазақстандықтарды өз нарығына кіргізбеу үшін Ресей тарапы әртүрлі сылтаумен түрлі кедергілерді ойлап табады. Алайда біздің өндірушілермен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Өндірушілерді басқарушы топ Мәскеуде отырады. Олар бізді қолдайды. Бұған қоса біз үшін ресейлік дистрибьторлармен келіссөз жүргізеді. Бұл - стратегиялық мәселе. Бұған қоса "Хюндай" компаниясының Сеулдегі орталығы біздің шығарған өнімдерді Ресейге жеткізуге рұқсат беріп отыр. Яғни біз мәселені дүниежүзілік деңгейде қарастырып отырмыз. Ресей  нарығына ұмтылып отырған еліміздегі әріптестерімізге қарағанда бізге біршама жеңілдеу. Жалпы Ресейдің көлік нарығына кіру өте қиын. Өйткені Батыста, Калининградта осындай зауыт бар. Онда  да дәл біздікіндей коммерциялық техника құрастырылады. Біз баға тұрғысынан бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Шығыс мәдениетіне сай даналық пен биязылық һәм мәмілешілдік те біздің пайдамызға жаратылады. Тап қазір біз мүмкіндігінше осындай ұстанымды темірқазық тұтып отырмыз", - дейді Нұрл­­ан Смағұлов.

Оның сөзінше, Қазақстан көлік құрастырушы ел ретінде Орта Азия немесе  ТМД аумағында толық танылды деуге әлі ерте. Өйткені Ресейден өзге мемлекетке бізде жиналған коммерциялық техника мен жеңіл автокөлік саудаланбайды.  

"Беларусь пен Украинаға келетін болсақ, бұл елдерде Кеңес Өкіметі кезінен-ақ машина жасау өндірісі өте жақсы дамығанын барлығымыз жақсы білеміз. Оның үстіне Украинада қазір жағдай біршама тұрақсыз. Нарық бізде 2, оларда 8 есеге құлдырады. Сондықтан да Украина нарығына шығу таяу жылдары аса нәтижелі болады деп ойламаймын. Ал Белоруссия бізде құрастырылатын барлық техниканы өздері өндіреді. Сондықтан да Ресей нарығы әзірше біз үшін қолайлы болып тұр. Ал Орталық Азияға келер болсақ, оларда коммерциялық техника өндіретін компаниялар жоқтың қасы. Сондықтан да біз Орта Азия нарығына шығуды мақсат етіп отырмыз", - дейді Нұрлан Смағұлов.

Сұхбат берушінің сөзінше, көршілес мемлекеттерге көлік экспорттау мәселесінің қиыншылығы аз емес. Бір елдің экономикасы көлік сатып алуға қауқарсыз болса, екінші мемлекет үшін тиімсіз болуы мүмкін.

"Біз Орта Азия мемлекеттерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алайда Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан да біз қазір Өзбекстанмен қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз. Өйткені бұл елде жақында саяси өзгерістер болды. Экономикалық салада да өрлеу байқалады. Олар сыртқы саудаға басымдық беріп жатыр. Сондықтан да  бұл елге коммерциялық көлік сату тиімді болады деп сенеміз", - деді Нұрлан Смағұлов.

Ал экономикалық сарапшы Денис Кривошеев "АллюрAuto" мен "UzAuto" компанияларының арасында құны арзан жеңіл көлік өндіру туралы келіссөз жасалғанын мәлімдеді. Соған сәйкес, "СарыарқаАвтопром" кәсіпорнының базасында "Shevrole" сауда белгісіне тән төрт түрлі көлік құрастырылатын көрінеді.

"Өзбек автоөндірушілері Қазақстанда көлік құрастыруға атсалысу арқылы ЕЭО елдерінің нарығына шықпақ. Бұл жоба отандық тұтынушылар үшін де тиімді болады", - деді Денис Кривошеев.

Оның сөзінше, елімізде кеңінен сатылып жатқан ресейлік жеңіл автокөліктердің технологиялық жағынан біршама кемшін тұстары бар.

"Автокөлікті Өзбекстанмен бірлесіп құрастырсақ, сапалы әрі бәсекеге қабілетті көлік жасап шығарамыз. "АллюрAuto" мен "UzAuto" компаниялары құрастырған көліктер ЕЭО аясында еш кедергісіз саудаланатын болады", - деді Денис Кривошеев.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда құрастырылатын  автокөліктерді ТМД нарығына шығару үшін әлі біраз уақыт қажет.

Риза Исаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу