Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тақырыппен Egemen Qazaqstan газетіне мақала жариялады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт Көшбасшысы һәм әлем мойындаған реформатор ретіндегі болмыс-бітімін суреттеген жүрекжарды жазбасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи тұлғаның ұлт мүддесі жолындағы жасампаздығы мен жанкештілігін, саяси өзгеріс жасаудағы ерік-жігері мен тәуекелін тілге тиек етіп, "Назарбаев феномені" деген ұғымды талдайды. Тұңғыш Президенттің жалқының емес, жалпының, өзінің емес, халқының сөзін сөйлегенін, қарақан басы үшін емес, қараша жұрты үшін өзін отқа да, суға да салғанын нақты деректермен дәйектейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтсем тыныштықтың тұтқасынан ұстап, бейбітшілік бесігінің тербелуіне атсалысамын, қайтсем ана мен баланың қуанғанын һәм жас ұрпақтың қолына ту алғанын көремін деген ойды темірқазық тұтқанына тоқталады.
"Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға! Елбасымыз әлемнің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биікке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшесіне айналды. Бұл – күрмеуі қиын күрделі кездерде халықты ауызбіршілік пен татулыққа жұмылдырып, ескі түсініктен нарықтық қоғамға өткізген және әлемдік экономиканың белсенді қатысушысына айналдырған Нұрсұлтан Назарбаев феномені", – деп жазды Қазақстан басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен осыдан 35 жыл бұрын кездескені, сол кезде қандай болжам жасағаны және Тұңғыш Президенттің кадрлық шешімінің өз тағдырына қатысты тұсы баяндалады. Бұл туралы мақала авторы: "Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жыл-дың қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сонда Үкімет басшысының қытайлықтармен келіссөздер барысында байқалған мол біліміне, тоталитаризм тұсында қалыптасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәріміз қатты разы болғанбыз. Елшілік қызметкерлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қосқанымызда мен әріптестеріме қарап: "Тегінде, біз Қазақстанның болашақ басшысымен сөйлескен шығармыз" дедім. Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басшылығына келді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тәуелсіздік таңындағы алғашқы кадрлық шешімдерінің бірі менің де тағдырымды айқындап берді. "Беласу" атты кітабымда: "Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де оны өзім туып-өскен Қазақстан игілігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты" деп жазған болатынмын", – дейді.
Мемлекет басшысының сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев елдің Президентіне ғана емес, перзентіне айналды.
"Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде білім алды, еңбек жолының бастауында шойын қорытып шыңдалды. Өзі туып-өскен Алатаудың асқақ шыңдарындай асқаралы арманына ерте қол созды. Жастайынан жұрттың жайын ойлады, өзі де домбыра шертіп, халық мұрасын жақсы білгендіктен, зиялы қауымға жақын болды. Ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекке деген ерен сүйіспеншілігі жас жетекшіні басқару жүйесінің ең биік шыңына алып келді. 1989 жылы маусым айында ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды, ал 1990 жылы сәуір айында Жоғарғы Кеңес оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті етіп сайлады. Осылайша, сол кездегі әлемдік геосаясаттағы ең ықпалды елдің бірі саналатын КСРО көлеміндегі ең жас әрі ықпалды басшы ретінде көзге түсті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД ұйымының құрылуына ықпал еткені мен қазақ шекарасын шегендегені және Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы жарлыққа қол қойғаны баяндалады.
"Әлбетте, Нұрсұлтан Әбішұлын жаһандық саясатта танымал еткен ең алғашқы қадамдардың бірі – Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы болды. Сол жылдары КСРО сияқты әскери әлеуеті зор мемлекеттің ядролық қару-жарағына ие болып қалу Қазақстанға қаншалықты артықшылық бермек, әлде жаңа бір шиеленістің ошағы тұтана ма деген сауалдар күн тәртібінде тұрды. Өйткені еліміздің қолындағы ядролық арсенал осы санатта әлемнің алғашқы төрттігіне қосылуға мүмкіндік беретін еді. Алайда Елбасының саяси ерік-жігері арқылы қазақ ұлты әлемде ядролық сынақтан қатты зардап шеккен халық ретінде жойқын қаруды таратпау туралы бастама көтерді. Тұңғыш Президенттің тоқтамын халықаралық қауымдастық та оң қабылдады. Бүгінге дейін Қазақстанның бастамасын қуаттаған бірқатар мемлекеттер ашық күнді тозаққа айналдырған ядролық полигондарын жауып, қолдау көрсетіп келеді. Айталық Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің Жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ аумағындағы "Невада" полигоны, француздардың Тынық мұхиттағы полигоны және Қытайдың Лобнор ядролық сынақ алаңы жұмысын тоқтатты. Жер шарының кез келген нүктесіне жетерлік бір мың екі жүз ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыранды құрайтын мөлшері жағынан әлемдегі төртінші ядролық әлеует АҚШ және Ресеймен бірлесе отырып, залалсыздандырылды. 2006 жылдың қыркүйегінде аймақтағы өзге де елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойылды. Келісімге қазірдің өзінде 200-ге жуық мемлекет қосылып, 150-ден астамы ратификацияланды. Қазақстанның бұл бейбітшіл идеясы негізінде Президент Жарлыққа қол қойған 29 тамыз – Дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні ретінде аталып өтеді. Осы бейбіт бастаманы әлі де белсенді жалғастыруымыз қажет. Елбасы – БҰҰ мінберінен әріптестерін атомды бейбіт мақсатқа қолдануға үндеген салиқалы саясаткер. Бұл мәселе 1946 жылы алғаш шақырылған Бас Ассамблеяда қозғалғанымен әлем елдері жанталаса қарулануын тоқтатпаған болатын. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тегеурінді сөзі мен ісі бір арнадан табылып, ол жаһандағы жойқын қаруды таратпау жолындағы жүйелі жұмысты бастап берді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық жылыну мәселесіне де бейжай қарамай, әлем назарын Орталық Азияның ғана емес, адамзаттың бас ауруына айналған Арал проблемасына аударды. Өйткені теңіздің құрғаған табанынан ұшқан тұз солтүстік жарты шарға жеткен болатын. Бүгінде кіші Аралдың арнасы толып, тұздылығы азайып, балық шаруашылықтарына қайтадан қан жүгірді, теңіз табанынан көшкен құмды тоқтату үшін үлкен аумаққа сексеуіл ормандары егілуде. Ол осы орайда экологиялық апаттармен күресуге жәрдемдесу мақсатында әлемдік экономикалық мәселелердің реестрін дайындау сынды өте өзекті ұсыныс білдірді. Сол арқылы БҰҰ-ның әлемдік қарым-қатынастарды, адамзатқа ортақ мәселелерді реттеудегі орнын күшейтуге де үлес қосты", – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаны қолданысқа енгізіп, тәуелсіз Қазақстанда қаржылық-экономикалық жүйе құрғанын, биліктің атқарушы органдарының бірыңғай вертикалын бекіткенін, Қарулы күштер және басқа да күштік құрылымдар жасақтап, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі нығайтқанын нақтылады. Сонымен қатар көппартиялы жүйе жасақтап, азаматтық қоғамның негізі қалағанын және баспасөз еркіндігіне жол ашқанын жазды.
"Қол жеткізілген жетістіктер мемлекеттік дамуды жоспарлаудың келесі кезеңіне өтуге, стратегиялық сипаттағы міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Осылайша Президенттің бастамасымен Қазақстанды дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспары жасалды. Бұл құжат елімізді жаһандық дамудың күрделі өткелдерінен, сындарлы сәттері мен дағдарыстарынан аман алып өтуге жол сілтеді деп нық сеніммен айта аламыз. 2012 жылы еліміздің жаңа "Қазақстан-2050" стратегиясы қабылданды. Осы арқылы ХХІ ғасырдағы жаһандық он сын-қатерге дайын болу жөніндегі негізгі бағыттар белгіленіп, еліміздің алдына әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу міндеті қойылды.
Негізгі жетістіктерге сыртқы байланыс саласында көптеп қол жеткізгенімізді айтуға болады. Жетекші елдердің арасындағы теңгерімді саясатқа негізделген дипломатия арқылы еліміз ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Елбасы әлемде жан-жақты байланысты жүргізе отырып, көпвекторлы саясаттың негізін қалады, оның авторы атанды. Ол бұрынғы КСРО мен ТМД кеңістігіндегі әріптестерінің арасынан жаһандық деңгейде мойындалған әлемдік көшбасшылардың санатына енді. Бұл жөнінде "Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев елді басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады" деген Сингапурдың бірінші премьер-министрі, көрнекті саяси тұлға Ли Куан Юдың бағасы әділ болғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мақаласында Елбасының ықпалымен Қазақстан интеграциялық үдерістерге ашық ел ретінде танылғанын, нәтижесінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Түркі кеңесі сынды халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі әрі бастамашысы ретінде аймақаралық, мемлекетаралық қарым-қатынастарды тиімді дамытудың жақтаушысына айналғанын айтты. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы идеясы Қазақстанның дамуындағы маңызы зор тарихи бетбұрыс болғанын жеткізді.
"Тұңғыш Президенттің елорданы Есілдің жағасынан салу жөніндегі бастамасы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де, әлемдік қауымдастық алдындағы беделіне де айтарлықтай серпіліс әкелді. Бұл еліміздің геосаяси бағытын нығайтуға үлкен үлес қосты. Қазақстанның біртұтас ел ретіндегі дамуын айқындай түсті. Астананы көшіру идеясы елді біріктіруші факторға айналды. Бүгінде елордамыз – халқымыздың мақтанышы һәм сүйікті шаһары. Былтыр мен астана авторының елорданы салып, дамытуға қосқан орасан зор үлесін әділ бағалай отырып, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болғанына еш күмән жоқ. Бұл қадам Қазақстанның жаңа тарихы мен Елбасы есімінің біртұтас ұғымға айналғанын білдіреді. Жаңа астанамыз әлемде бейбітсүйгіш қала ретінде ЮНЕСКО-ның арнайы бағасына ие болды. Нұр-Сұлтан қаласы қазір Қазақ елінің ғана емес, әлемдік ойталқылардың орталығы, халықаралық басқосулардың айтулы алаңы ретінде қалыптасты. Астанамызда 2010 жылы ЕҚЫҰ саммиті өтіп, әлем елдерінің басшылары бас қосты. Елорда 2011 жылы Қысқы Азия ойындарын Алматы қаласымен бірлесіп ұйымдастырды. 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі көз алдымызда зор табыспен өтті. Қазақ елі аталған көрмеде әлемдегі өзгермелі жағдайды ескере отырып, баламалы қуат көздерін дамыту туралы бастама көтергені мәлім. Бүгінде бұл бағытта жаңа технологиялар қолданысқа кеңінен енгізілуде. Осылайша жас мемлекетіміз Жер шарының табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны барынша қорғауға өзіндік үлесін қосты. Әлемдегі дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өтіп келеді. Жаһандық деңгейдегі саясаткерлер Қазақстанның этносаралық татулық үлгісін "Назарбаев моделі" деп атайды. Олар Қазақстанның бұл тараптағы тәжірибесін жіті зерделеп, басқа елдерге таратуға да ықыласты болып отыр. Елордамыз Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік миссиясына қызмет етті. Осының бәрі шаһардың шынайы келбетін қалыптастырып, шын мәніндегі бейбітшілік қаласы екенін жаһан жұртына дәлелдей түсті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз мақаласында Президент Елбасынан көп нәрсе үйренгеніне, өмірлік өнеге алғанына тоқталады.
"Төрелі жерге ел тоқтайды, төбелі жерге мал тоқтайды". Былтыр еліміздің тарихында үлкен бетбұрыс болды. Тұңғыш Президент биліктің ауысуы барысында маған өлшеусіз сенім артты. Бұл тағы да Елбасы ел мүддесі жолында кез келген шешімге бара алатын ерекше батылдығын байқатты. Ең бастысы, біз биліктің ауысуын тұрақтылық жағдайында өткізе білдік. Бұл – Елбасының парасаты мен көрегенділігін көрсеткен тарихи оқиға. Былтырғы Президент сайлауында халық Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі!" – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Елбасы – еліміздің негізін қалаушы, елдігіміздің символы, тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының бастауында тұрған тұғырлы тұлға!
"Қазақ елі қарымды қайраткерге үнемі құрмет көрсетіп келеді. Сексеннің сеңгіріне сергек жеткен саясаткердің ел мен жер алдындағы ұшан-теңіз еңбегі – ұрпаққа үлгі, баршаға өнеге! Тәуелсіздіктің бастауындағы ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндердегі атқарылған істерді кейінгі буын келешекте әлі талай рет зерделейді, әділ бағасын береді. Нұрсұлтан Назарбаевтың бар ғұмыры тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап бүгінге дейін Қазақ мемлекетін нығайту ісімен біте қайнасып келеді. Шетелдіктер оны заманауи Қазақстанның негізін қалаушы және көшбасшысы ретінде жақсы біледі, сыйлайды. Тұңғыш Президентіміздің мемлекет қайраткері ретіндегі қарым-қабілеті талассыз мойындалған. Мен Елбасымыз бен шетелдіктер арасындағы көптеген халықаралық кездесулер мен келіссөздердің куәсі болғандықтан, осыны зор жауапкершілікпен айтуға хақым бар деп ойлаймын. Ол – шын мәнінде жаһан жұртына кең танымал, халықаралық қауымдастықта айрықша беделді, әлемдік деңгейдегі саясат сардары. Елбасы бұл биікке қажырлы еңбегімен, парасат-пайымымен, маңдай терімен жетті. Ендеше, біз өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуіміз керек", – деп түйді ойын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қанат Махамбет