Төбелес – тойда қызық, футболда емес

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2647

2003 жылғы бозбалалар арасындағы Қазақстан біріншілігі өте қызықты өтіп жатыр.

Төбелес – тойда қызық, футболда емес Фото: kff.kz

Елімізде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту қолға алынып, соңғы жылдары жеткіншектер мен бозбалалар арасындағы Қазақстан біріншіліктері әр жас шамасында өткізіліп келеді. Мәселен, футбол орталықтары мен академиялары арасындағы ел біріншіліктері жеті жас санатында ұйымдастырылып жүр.

Нақтырақ айтқанда, 2000, 2001, 2002, 2003, 2004, 2005, 2006 жығы туған балалар мен жасөспірімдер арасындағы ел біріншіліктері жеке-жеке өткізіледі. Мұндағы командалардың көбісі – Премьер-лигадағы, Бірінші және Екінші лигалардағы клубтардың құрылымдық бөлімшелері, яғни ізбасарлары, дайындық топтары.

Осы, футбол орталықтары мен академиялары арасындағы ел біріншіліктері негізінен үш кезеңге бөліп өткізіледі. Олар – іріктеу, жартылай финалдық және финалдық додалар. Қатысатын командалар көп болғандықтан, іріктеу додасы бірнеше топқа бөлініп ұйымдастырылады.

Мәселен, 2003 жылғы бозбалалар арасындағы ел біріншілігіне 18 команда қатысады. Жақында осы командалар үшке бөлініп, 2-кезеңнің ойындарын өткізді. Бұл ойындар Нұр-Сұлтан, Шымкент және Павлодар қалаларында өтті. Әзірше барлық командалар 6-8 ойыннан өткізген.

Бұл жас санатында "Қайрат" (Алматы) клубының ізбасарлары көш бастап келеді. Олар сегіз ойында да жеңіске жетіп, 24 ұпай жинады. Екінші орында – жеті ойыннан 17 ұпай еншілеген "Шахтер" (Қарағанды) клубының жеткіншектері. Үшінші және төртінші орындарға 15 ұпаймен "Ордабасы" (Шымкент) және "Алтай" (Өскемен) өрендері орналасқан.

Қызық болғанда, "Астана" және "Семей" бозбалалары арасындағы ойын 8:0 есебімен аяқталып, матч соңында жас футболшылар төбелесіп те қалды. Абырой болғанда, оларды төрешілер мен бапкерлері арашалап алды.

Намыс отына шоқтай қарылған жас таланттарымыз енді бар күш-жігерлерін тек доп додасына жұмсайтын болады деп сенеміз.

Осы ретте айта кетейік, "Астана" ізбасарлары жеті ойыннан 14 ұпай жинап, 5-орында тұр. Ал "Семейдің" жас футболшылары жеті матчтан 5 ұпай ғана еншілеп, 16-орынға табан тіреді. Айтпақшы, семейліктер соңғы турда өздерінен жоғары тұрған, яғни 9-орынға орналасқан "Жетісу" жеткіншектерін 2:1 есебімен ұтып кетті. Кім біледі, төбелестің де пайдасы тиді ме екен?...

Дәл осы жас санатындағы, 2003 жылы туған бозбалалар арасындағы ел біріншілігінің сұрмергендері тізіміне көз жүгіртсек, Данияр Дулатов ("Қайрат") 8 доппен бірінші орында тұр. Одан кейінгі орындарға 7 голдан соқан Сабыржан Закиров ("Жетісу") және Ернар Жауынбек ("Астана") орналасқан.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу