Төбелеске 1000-ға жуық адам қатысқан

3800

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің шешімімен Қордай ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды.  

Төбелеске 1000-ға жуық адам қатысқан

7 ақпан күні Жамбыл өңіріндегі Қордай ауданында орналасқан, дүнген диаспорасы көп шоғырланған Масаншы, Сортөбе және Қаракемер ауылдарының тұрғындары арасында жанжал болғанын хабарлаған болатынбыз.

Оқиға салдарынан 8 адам мерт болып, 40-қа тарта азамат түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Ал кеше аймақ басшысы Асқар Исабекұлы аталған төбелес кезінде қолға түскен 47 азаматтың 44-і Ауқатты ауылындағы қамаудан босатылды деп мәлімдеді. Өйткені, олардың қақтығыс кезінде зардап шеккендерге қатысы жоқтығы анықталған. 7 ақпан күні таңғы сағат 3 шамасында Масаншы ауылы қоршауға алынған кезде қамалған екен.

Облыс әкімінің сөзінше, сол түнгі төбелеске 1000-ға жуық адам қатысыпты.

"Сотқа дейінгі тергеу шаралары Қылмыстық Кодексінің 272-бабы – "Жаппай тәртiпсiздiкке қатысу және оны ұйымдастыру", сондай-ақ 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша жүріп жатыр", – деді бұл жайында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Ал кеше кешкі сағат 21.00-ден бастап Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің шешімімен Қордай ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды.

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі Заңына сәйкес, Жамбыл облысының әкімі:

1. Жамбыл облысы Қордай ауданының аумағында 2020 жылдың 8 ақпаны сағат 21.00-ден бастап жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын.

2. Төтенше жағдайды жою басшысы болып облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков тағайындалсын және осы шешімнен туындайтын тиісті іс-шараларды жүргізу тапсырылсын.

3. Осы шешім 2020 жылдың 8 ақпанынан бастап қолданысқа енгізіледі", делінген құжатта.

Әсел Мұратбекқызы,

Жамбыл облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу