"Тобыл" араға 10 жыл салып Қазақстан чемпионы атанды

1620

​Қостанайлық команда соңғы турда маңызды үш ұпай еншілеп, ел чемпионы атанды. "Астана" мен "Қайрат" бұл атақтан неліктен айырылды?

"Тобыл" араға 10 жыл салып Қазақстан чемпионы атанды

Ең алдымен Премьер-лигадан шығып қалған командалар туралы айтсақ. Қызылорданың "Қайсары" үлкен бюджетпен, шет елден шақыртылған оншақты легионерімен жүріп Бірінші лигаға түсіп қалды. Соңғы турда Владимир Никитенко кілең қызылордалық жастарды шығарып, "Тараздан" басым түсті. Елжас Алтынбеков, Өркен Махан, Айбал Жақаев сынды жастар көптеген легионерлерге қарағанда осал еместігін байқатты. Тпек оларға ешкім мүмкіндік бермейтіні өкінішті. Енді осы жастар келесі жылы Бірінші лигада жасындай жарқылдайды. Сосын "Қайсар" премьер-лигаға қайтадан жолдама алған соң, олар қосалқы құрамдағы орындарына қайта жайғаспақ. Міне, ел футболындағы бір өзекті мәселе осы жерде. Бапкерлер жергілікті жастарға көп сенім артпайды.

"Тараз" - "Қайсар" ойыны 1:2 есебімен аяқталған тұста, алматылық "Қайрат" тағы бір аутсайдер "Жетісумен" кездесіп болып еді. Бұл матчта гол салынбады. Есеп 0:0. Алматылық команда қола жүлдегер атанса, "Жетісу" енді келесі жылы бағын Бірінші лигада сынап көреді. "Жетісу" клубында жастардан бөлек мәселелер көп. Бұл командаға дәл қазір ең алдымен инфроқұрылым мәселесін шешу қажет. Ал "Шахтер" - "Атырау" ойыны 3:1 нәтижесімен аяқталды. Қарағандылық команда қақпасына гол жіберіп алып, ойын барысында жеңіліп жатты. Бірақ "кеншілер" керек есепті тіркеп үлгерді. Айдос Тәттібаевтың екі голы мен Қазақстан құрамасына ойнағым келеді деп жүрген Ыдырыс Ұмаевтың дәл соққылары алаң иелеріне жеңіс сыйлады. "Атырау" 11 легионермен ойнап жүріп, турнирді 11 орында аяқтады. Әлбетте, ұят нәрсе. Қарағандылық команда үшін футбол маусымы әлі аяқталған жоқ. Алда Қазақстан кубогының жартылай финалдық ойындары күтіп тұр.

Егер Қазақстан кубогін "Шахтер" жеңе алмаса онда келесі жылы Конференция лигасының жарысына Қазақстан атынан ішкі біріншілікте 4 орын алған команда қатысады. Сол 4 орын үшін таласқа түскен "Қызыл Жар" мен "Ордабасы" арасында тартысты матч өтті. "Ордабасы" онсызда 4 орында тұрғандықтан бұл ойында жеңілмесе жеткілікті еді. Бірақ қонақтар 2:1 нәтижесімен жеңіліп тұрып 90 минутта таразы басын теңестірді. Бірақ 90+3 минутта "Қызыл Жар" ойыншысы Пабло Подио бұрыштама кезінде баспен гол салып, жанкүйерлерді шаттыққа бөледі. Енді Солтүстік Қазақстан жерінің жанкүйерлері Қазақстан кубогының аяқталғанын күтеді.

"Каспий" клубы сырт алаңда "Ақтөбені" 5:1 есебімен жеңгенімен турнирлік кестеде олардан биік бола алмады. Екі клуб 7 және 8 орындарға жайғасты. Ал чемпиондыққа таласқан "Астана" өз шылауына өзі шырмалды. Бір гол салып жеңіп жатқан ойынды бүлдіріп алды. Валерий Чуперка алаңнан қуылып, командасын 1 ойыншыға азайтып жіберді. Басымдылықты пайдаланған "Тұран" командасы таразы басын теңестірді. Голды салған "Астананың" аңыз ойыншысы атанған Таңат Нөсербаев. Есеп 1:1 сол күйі қалып, "Тобыл" чемпион атанды. Қостанайлық клуб "Ақжайықты" 2:0 жеңді. Араға 10 жыл салып "Тобыл" ел чемпионы атанды. Енді бұл команда келесі жылы Чемпиондар лигасына қатысады.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу