"Тобыл" "Астананы" тобықтан қақты

2386

Гол авторлары елордалық клубтың бұрынғы ойыншылары.

 "Тобыл" "Астананы" тобықтан қақты

Кейінге шегерілген Қазақстан премьер-лигасының 4 тур ойындары аясында қостанайлық "Тобыл" "Астанаға" қарсы ойын өткізді. Кездесу Алматы қаласында "Жас қыран" стадионында өтіп, 2:0 есебімен, қостанайлықтардың пайдасына аяқталды.

"Астана" қақпасына соғылған екі голды да елордалық клубтың бұрынғы ойыншылары салды. Матчтың 15-минутында шабуылшы Роман Муртазаев нәтижелі пас шығарып, жартылай қорғаушы Азат Нұрғалиев допты қақпаға дәл бағыттады. Нәтижесінде қостанайлықтар бірінші болып есеп ашты. Ал 57-минутта Серікжан Мұжықов есепті еселей түсті.

Бұл ойын "Тобылдың" бапкері Григорий Бабаянның "Астанаға" қарсы өткізген алғашқы кездесуі болды. Ол 2012-2019 жылдар аралығында елордалық клубта қызмет атқарып, бірнеше мәрте бас бапкер де болған.
"Тобыл" - "Астана" арасындағы кездесу аяқталған соң елорда командасының бас бапкері Михал Билек матч туралы өз пікірімен бөлісті.
"Қарсылас бүгін біздің қателіктерімізді пайдаланып кетті. Біздің гол соғатын мүмкіндіктеріміз болғанымен, "Тобыл" сенімді ойнап, гол соғу қолымыздан келген жоқ. Өкінішке қарай, негізгі құрамның ойыншылары жарақат алып жатыр. Бүгін ойынды Жарко Томашевич пен Алексей Щеткин аяқтай алған жоқ. Дегенмен біз ілгері жылжып, тек алға қарауға тиіспіз", - деді "Астананың" бас бапкері Михал Билек.

Ал ҚПЛ-дың турнирлік кестесіне келер болсақ, 15 ұпаймен "Қайрат" көш бастап тұр. Одан кейін 10 ұпай жинаған "Астана", "Тобыл", "Қайсар" және "Ордабасы" командалары тұр. Алматылықтар және шымкенттіктер 6 кездесу өткізіп үлгерсе, костанайлық және елордалық клубтар бес, қызылордалық команда төрт кездесу өткізді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу