Астана-Арена стадионында Қазақстан Суперкубогы үшін өткен матч мәресіне жетті.
Кездесуде есепті алғаш болып "Тобыл" ашты. 6-минутта Луи Герра қостанайлықтарды алға шығарды. Алайда "Қайрат" үзіліске дейін есепті теңестіріп қана қоймай, алға шықты. 20-минутта Александр Мрынский таразы басын теңестірсе, ал 6 минуттан кейін алматылықтардың жаңа ойыншысы – финляндиялық жартылай қорғаушы Яакко Оксанен Жоржиньо орындай алмаған пенальтиден кейін допты қақпашы қайтарғанда қақпаға дәл бағыттады.
Айта кетейік, кездесудің 71-минутында алматылық клуб сапынан Дастан Сәтпаев алаңға ауысып шықты.
Негізгі уақыттың аяқталуына 1 минут қалғанда "Тобыл" есепті теңестірді. 89-минутта Асхат Тағыберген айып добын тікелей соққымен голға айналдырды.
Нәтижесінде, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Бұл сында "Тобыл" футболшылары пенальтиді мүлтіксіз орындап, 4:5 есебімен жеңіске жетті.