Турнир Түркістан қаласында өтуде. 1/2 финал бүгін, 3-наурызда өтті және пенальти сериясынан кейін матч қостанайлық клубтың пайдасына аяқталды. Кездесудің оныншы минутында қостанайлық команданың жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген есеп ашты. 40-минутта "Қайраттың" жартылай қорғаушысы Небойша Косович есепті теңестірді. Бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталды.
Екінші таймда "Қайрат" көш бастады. 67-минутта команданы шабуылшы Артур Шушеначев алға шығарды. Бірақ алматылықтардың басымдығы ұзаққа созылмады. Екі минуттың ішінде "Тобыл" кездесуді мүлде басқа арнаға бұрды. Алдымен қорғаушы Сергей Малый 74-минутта есепті теңестірді. Содан кейін 76-минутта кезекті шабуылда жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов тағы да "Тобылды" алға шығарды. Бұдан кейін қостанайлықтар басымдылықты сақтай алмады. Қосымша уақытта "Қайраттың" қырғызстандық жартылай қорғаушысы Гүлжігіт Алықұлов есепті теңестірді - 3: 3. Сонымен бірге, матч соңына қарай Нұралы Әліп қызыл қағаз алды.
Суперкубоктың ережелері бойынша екі таймның нәтижесі тең ойын болған жағдайда командалар жеңімпазды пенальти сериясында анықтайды. Сондықтан футболшылар бірден пенальти сериясын бастап кетті. Нәтижесінде "Тобыл" ойыншылары жеңіс тойын тойлады.
Футболдан Қазақстан Суперкубогі
½ финал, "Тобыл" – "Қайрат" – 3:3, пенальти – 4:2
Голдар: Асхат Тагыберген 10, Сергей Малый 74, Серікжан Мужықов 76 – Небойша Косович 40, Артур Шушеначев 67
Финалда "Тобыл" бір күн бұрын Қарағандының "Шахтерін" 2: 0 есебімен жеңген "Астанамен" күш сынасады. Матч 6-наурызда өтеді. Ал 5-наурызда "Қайрат" пен "Шахтер" үшінші орын үшін таласады.
Ермұхамед Мәулен