Ертең, 3-қараша күні Қазақстан премьер-лигасының 32-турының ойындары өтеді. Ең маңызды матч Қостанайда "Тобыл" мен "Астана" арасында өтпек. Егер қостанайлық команда осы матчта тең нәтиже тіркеп немесе жеңіске жетіп, елордалық клубтан ұпай тартып алса, онда "Қайрат" футбол клубының басшылығы оларға қаржылай сыйақы береміз деп уәде еткен көрінеді. Бұл ойында қостанайлық клубтың онсыз да ұпай алғысы келіп тұрғаны белгілі. Себебі, Нұрбол Жұмасқалиев баптайтын команда қола жүлдегер атанғысы келеді. Ал қазір төртінші орында тұрған "Ордабасы" олардың өкшесін басып, небәрі 1 ұпайға қалып келеді.
Белгілі спорт журналисі Айдын Қожахметтің мәлімдеуінше "Қайрат" басшылығы "Тобыл" футболшыларына 150 мың ақш доллары көлемінде сыйақы береміз депті. Демек, ертең Қостанай қаласында өтетін бұл матч өте тартысты өткелі тұр.