Қазақстан Премьер Лигасының үшінші тур ойындарында қостанайлық "Тобыл" өз алаңында ақтаулық "Каспийден" басым түсті.
Ойын 1-шілде күні өтіп, 2:0 есебімен, қостанайлықтардың пайдасына аяқталды. Екі гол да ойын аяқталар тұста соғылды. Кездесудің 84-минутында "Тобылдың" капитаны Азат Нұрғалиев есеп ашса, 89-минутта шабуылшы Оралхан Өміртаев қарсыластар қақпасына екінші голды соқты.
"Каспий" командасы футболшыларының негізгі құрамы ауырып жатқандықтан, екінші құраммен ойнады. Сондай-ақ бас бапкер Срджан Благоевич те Қостанайға барған жоқ.
Маусым басында "Тобыл" "Шахтерді" 3:1 есебімен ұтып, "Жетісумен" өткен кездесу тең нәтижемен аяқталған. Ал, ақтаулық "Каспий" Жетісудан 0:2, "Астанадан" 2:3 есебімен, екі командадан да ұтылған болатын. Жеті ұпай жинаған "Тобыл" турнирлік кестеде үшінші орынға көтеріліп, "Астананы" қуып жетті. Ал 9 ұпаймен алматылық "Қайрат" көш бастап тұр. Маусымдағы үш кездесуде де жеңілген "Каспий" 10-орынға жайғасты.
Естеріңізге сала кетсек, коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан Премьер Лигасының ойындары 16 наурыз күні тоқтатылған еді. Енді ойын барысында бір командада бес ойыншы алмастыруға рұқсат беріліп, арнайы медициналық протокол жасалды.
ҚПЛ-дың төртінші туры 5-шілде күні өтуі тиіс. Алайда бүгін Қазақстан Республикасының үкіметінің 14 күндік қатаң карантин жариялауы жоспарда бар екені белгілі болды.
Ермұхамед Мәулен