Финалда қостанайлықтар шымкенттің "Ордабасы" командасын 2:0 есебімен ұтты.
Кездесу Қызылордадағы "Қайсар Арена" стадионында өтті. Бұл – сыйымдылығы 11 мың көрерменге арналған жаңа аренадағы алғашқы ресми ойын болды.
Алғашқы тайм толықтай қостанайлықтардың еншісінде болды. Есепті Асхат Тағыбергеннің айып соққысынан кейін Николай Сигневич ашты. Артынша Ахмед Эль-Мессаудидің алыстан жасаған соққысы бағанадан қайтып, допты Ислам Чесноков қақпаға дәл бағыттады.
Екінші таймда "Ордабасы" футболшылары белсенді шабуылға шыққанымен, олардың әрекеті нәтижесіз аяқталды. Қорытынды есеп "Тобылдың" пайдасына – 0:2.
Осылайша, "Тобыл" үшінші рет Қазақстан кубогын иеленсе, "Ордабасы" үшінші рет финалда жеңіліс тапты.
Жүлде саны бойынша "Тобыл" үш кубогы бар елордалық "Жеңіс" пен "Астанамен" теңесті.
Қостанайлықтар мен астаналықтар 2-4 орындарды бөліссе, көшті 10 кубок иеленген "Қайрат" бастап тұр.
Бұл турнирдегі жеңістің арқасында "Тобыл" келесі маусымда Конференциялар лигасына қатысу құқығына ие болды.