"Тобыл" "Тұранға" қарсы ойында аса қиналған жоқ. Асхат Тағыберген соққан жылдам голдан кейін бір сәт жеңісті қолдан шығарып алатындай әсер қалдырды. Себебі қарсылас белсенді ойнады. Дегенмен, Александр Зуевтің голы барлық мәселені шешті – 2:0. Костанайлықтар көш бастады, ал "Тұран" Премьер-Лигадағы орнын сақтап қалу үшін күресуде.
Ал, "Елімай" маусым соңына қарай қарқын алды деуге болар еді. Бірақ "Қызылжарға" қарсы ойынды көргенде бұған сену қиын. Қонақтар мүлде ойын көрсете алмады. Семейліктер жақсы жаттығу өткізгендей болды. Алдағы турда "Астанаға" қонаққа барады, сол кезде нақты күшін байқаймыз. Ал петропавлдықтар, күшін бәлкім Кубоктың жартылай финалына сақтаған болар. Осылайша матч семейліктердің пайдасына 2:0 есебімен аяқталды.
"Атырау" қатарынан бесінші матчта жеңілмей келеді. Бірақ соңғы төртеуі тең нәтижемен аяқталды. "Атырау" жеңіске ұмтылды. Бірақ "Қайсардың" қорғанысын қарапайым прессингпен бұзу мүмкін болмады. Қорытынды есеп 0:0.
"Астананың" еурокубоктағы сәтсіздігі таң қаларлық жағдай емес. Себебі "Жеңіспен" де күресе алмаса. Даулы пенальти де көмектеспеді. Андрей Демченко өзінің тактикалық шеберлігін көрсетті. Матч 2:3 есебімен "Жеңістің" пайдасына аяқталды. Енді "Астананы" маусым соңында өте қиын қарсыластар күтеді: "Елімай", "Тобыл", "Ақтөбе" және "Қайрат".
"Ұлытау" Премьер-Лигадағы орнын сақтап қалуға маңызды қадам жасады. "Ордабасы" қорғаныста өте әлсіз ойнап, 2:1 есебімен жеңіліс тапты. Шымкенттіктердің әлі Кубоктан үміті бар. Сондықтан чемпионаттағы сәтсіздікті жеңіл қабылдауы мүмкін.
Бұл матч "Ақтөбе" мен Самат Смақов арасындағы текетірес ретінде көрсетілгенімен, клубтар деңгейіндегі айырмашылық айқын болды. "Жетісу" бар күшін салғанымен, жеке шеберлікте қарсыласынан әлдеқайда төмен екенін мойындау керек. Еркебұлан Сейдахмет пен Артур Шушеначевтің дуэті алаң иелеріне екі гол сыйлады. Ал, Агбо есепті 3:1-ге жеткізіп, ақтөбеліктер жеңіс тойын тойлады.
Бұл ойында да "Ақтөбе" жеке шеберліктің арқасында жеңіске жетті. Николай Костовтың командасы енді 14 қыркүйекте "Қайратпен" күш сынасады. "Оқжетпес" – "Қайрат" ойыны 31 тамызға шегерілді. Ал, келесі 23-тур ойындары 13-14 қыркүйекте өтеді.