45-минутта Евгений Макаренконың күшімен шымкенттіктер бірінші болып есеп ашты. Бұған қостанайлықтар 63-минутта Иван Миладиновичтің дәл соққысымен жауап берді. Финалдық ысқырық естілісімен командалар пенальтилер сериясын бастап, оны тобылдықтар жақсырақ орындады – 5:4. Осылайша, қостанайлық клуб өз тарихында үшінші рет аталмыш кубокты жеңіп алды. Жеңіске жеткені үшін "Тобыл" 25 миллион теңге сыйақы алса, "Ордабасы" 15 миллион теңге табыс тапты.
Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын "Ордабасы" мен "Тобыл" маусым алдындағы қысқы кубок турнирінің финалында өзара ойнап, осы жеңісі үшін шымкенттік футболшылар 60 миллион теңге сыйақы алған болатын. Екінші орын иеленген қостанайлықтар 40 миллионға ие болды.
"Тобыл" үшін бұл үшінші Суперкубок (2021, 2022, 2024). Ал "Ордабасы" әзірге бір мәрте ғана Суперкубок (2012) иегері атанды.
Айта кетейік, келесі аптада Қазақстан чемпионаты басталады. Чемпионат басталуға екі апта қалғанда өзгерістер орын алды. Лицензиядан өте алмаған "Мақтааралдың" орнына "Ақсу" командасы өнер көрсететін болды.
1 наурыз
"Астана" — "Жеңіс" (Астана)
"Қайсар" (Қызылорда) — "Ақтөбе"
"Жетісу" (Талдықорған) — "Ақсу" (Павлодар)
2 наурыз
"Қайрат" (Алматы) — "Қызылжар" (Петропавл)
"Елімай" (Семей) – "Атырау"
"Ордабасы" (Шымкент) — "Шахтер" (Қарағанды)
"Тобыл" (Қостанай) — Тұран" (Түркістан)
Екінші тур 5-7 наурыз аралығында өтеді. Содан кейін чемпионатта үзіліс болады. Себебі ұлттық құрамамыз БАӘ-де оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 21 наурызда Еуро-2024 іріктеуде плей-офф кезеңінің жартылай финалында Грекиямен ойнайды.