"Тобыл" Конференция лигасын жеңіспен бастады

1605

Қостанайлық клуб жауапты матч алдында тамаша нәтиже тіркеді.

"Тобыл" Конференция лигасын жеңіспен бастады

"Тобыл" Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде Гибралтар чемпионы "Линкольн Ред Импсты" қабылдады. Матч Қостанайдағы Орталық стадионда өтіп, 2:0 есебімен аяқталды.

Кездесудің алғашқы таймында гол соғылған жоқ. Ал 65-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан қазақстандық шабуылшы Айбар Жақсылықов "Тобылды" алға шығарды. "Линкольн" командасы да қарап қалмай, қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Жасаған соққылары Мокин қорғаған қақпаның бағанына, маңдайшасына тиді. Бірақ 91-минутта Жарко Томашевич баспен гол соғып, ойынның нүктесін қойды. Енді қос команда арасындағы жауапты матч 28 шілдеде Гибралтарда өтеді.

Ал "Қайрат" Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Кишвардамен" кездесті. Алматыдағы Орталық стадионда өткен ойын 0:1 есебімен венгриялық клубтың пайдасына шешілді. Матчтағы жалғыз әрі жеңісті голды 82-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Ясир Асани соқты. Алматылық клуб матч барысында қарсылас қақпасын 10 мәрте нысанаға алған. Бірақ екеуі ғана дәл ұшқан. Ал венгриялық клубтың жасаған 11 соққысының бесеуі Устименко қақпасына дәл барған.

Айта кетейік, қос команда арасындағы жауапты кездесу 28 шілдеде Венгрияда өтеді.

"Қызыл-Жар" Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Осиекпен" кездесті. Матч "Астана Арена" стадионында өтіп, 1:2 есебімен хорватиялық клубтың пайдасына аяқталды.

Ойынның 58-минутында "Осиек" шабуылшысы Михрет Топчагич сол қапталдан асырылған пасты басымен қақпаға дәл бағыттап, есеп ашты. 69-минутта "Қызыл-Жардың" жартылай қорғаушысы Жиан Мартинс екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Жеті минуттан кейін Ласло Кляйнхайслер айып алаңының сыртынан тамаша соққы бағыттап, есепті еселеді. Ал 84-минутта Дарко Неяшмич өз қақпасына гол соғып алды.

"Астана" клубы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Ракувтан" жеңіліп қалды. Польшада өткен кездесу 0:5 есебімен аяқталды. Бірінші гол төртінші минутта-ақ соғылды. "Астананың" қақпашысы Марко Милошевич Иван Лопестің алыстан соққан соққысына төтеп бере алмай өрескел қателік жіберді. Үзіліске дейін Матеуш Вдовиак есеп айырмасын арттырса, Владислав Гутковский, Владислав Кочерчин және Фран Тюдор (пенальти) есепті еселей түсті.

Айта кетейік, ойын барысында әр командадан бір ойыншы алаңнан қуылды. 21-минутта Деян Сореску екінші сары қағазды алса, 62-ші минутта Аслан Дарабаев та ойыннан шеттетілді.

Ермұхамед Мәулен