"Тобыл" көш бастады

1233

"Тобыл" Қазақстан Премьер-лигасының 20-туры аясында "Каспийді" жеңді. Ойын Қостанайдағы Орталық стадионда өтіп, 2:1 есебімен аяқталды.

"Тобыл" көш бастады

Кездесудің 15-минутында Сергей Малый бұрыштамадан асырылған пастан кейін есеп ашты. Ал 40-минутта Рамазан Кәрімов Роман Асранқұловтың өрескел қателігінен кейін жауапты голды соқты. Бірақ 77-минутта Алеса Аманович жеңіс голын соқты. Бес минуттан кейін Рубен Бриджидо екінші ескерту қағазын алып, ойынды ерте аяқтады. "Тобыл" 45 ұпаймен қайтадан турнирлік кестеде көш басына шықты. 24 ұпайы бар ақтаулық клуб сегізінші орынға табан тіреді.

"Ордабасы" Қазақстан чемпионатының 20-турында алматылық "Қайратты" қабылдады. Матч Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Кездесудің небәрі 10-минутында Абдуллай Диакате стандарттан асырылған пасты басымен қақпаға дәл бағыттады. Ал 31-минутта Александр Клещенко Стас Покатиловты қапыда қалдырды. Бес минуттан кейін Айбол Әбікен тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. 72-минутта "Қайрат" шабуылшысы Хосе Канте пенальтиді сәтті орындағанымен, командасына ұпай сыйлай алмады. Шымкенттік клуб бұл жеңістен кейін 30 ұпаймен бесінші орынға көтерілсе, Құрбан Бердыев шәкірттері 37 ұпаймен үшінші орында қалды.

Қазақстан Премьер-лигасының 20-туры аясында "Ақтөбе" мен "Тараз" үш ұпайды сарапқа салды. Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр стадионында өткен матч 0:0 есебімен аяқталды. Алаң иелері бұл матчта 4 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздесе, жамбылдық клуб 3 рет "Ақтөбе" қақпашысын мазалады. Одан бөдек, "Тараз" сапында Бауыржан Байтана, Эривалдо және Мақсат Әмірханов ескерту қағазын алды. Владимир Мұханов шәкірттері бұл ойыннан кейін 24 ұпаймен оныншы орынға жайғасты. Ал "Тараз" бір саты жоғары тұр (24 ұпай).

"Шахтер" Қазақстан Премьер-лигасының 20-турында "Жетісумен" кездесті. Матч Қарағандыдағы "Шахтер" стадионында өтіп, 3:1 есебімен аяқталды. Ойынның 8-минутында Давид Атанаскоскидің пасынан кейін Оралхан Өміртаев есеп ашты. 20-минутта "Жетісу" қақпасына пенальти белгіленді. Оралхан бұл мүмкіндікті де голға айналдырды. Дегенмен, 32-минутта Одуэньи Угочукву "Жетісу" сапындағы дебюттік голын соғып, есеп айырмасын қысқартты. Ал бірінші таймның аяқталуына 4 минут қалғанда Евгений Шикавка матчтың нүктесін қойды.

Үш ұпайға қол жеткізген Магомед Адиев шәкірттері он бірінші орынға көтерілді (19 ұпай). Ал талдықорғандық ұжым 11 ұпаймен ең соңғы орында қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу