Тобыл премьер-лиганың күміс жүлдегері атанды

1638

Арсен Хубулов "Шахтерге" еурокубокте ойнау мүмкіндігін сыйлады.

Тобыл премьер-лиганың күміс жүлдегері атанды

Қарағандылық "Шахтер" Қазақстан чемпионатының соңғы турында "Тобылдан" айласын асырды. Алматыдағы "Жас Қыран" стадионында өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. Ойынның қызықты сәті екінші таймда басталды. 54-минутта "Шахтер" қорғаушысы Гидеон Баа қызыл қағаз алды. Он ойыншымен қалған "Шахтер" 88-минутта кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды соқты. Гол авторы - Арсен Хубулов.

"Шахтер" бұл жеңістің арқасында 32 ұпаймен чемпионатты төртінші орынмен аяқтады және келесі жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. "Тобыл" Премьер-лиганың күміс жүлдегері атанды.

Жоао Паулоның, Зиги Бадибанганың голдары шымкенттік командаға төртінші орын алуға көмектеспеді. "Ордабасы" Премьер-лиганың соңғы турында көкшетаулық "Оқжетпестен" басым түсті. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 3:1 есебімен аяқталды. Ойындағы алғашқы әрі жылдам голды 5-минутта Сергей Хижниченко соқты. Ал 39-минутта "Оқжетпес" қорғаушысы Тарас Бондаренко таразы басын теңестірді. Бірақ 56-минутта Зиги Бадибанга командасын алға шығарды. Ал ойынның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Жоао Пауло гол соғып, матчтың нүктесін қойды.

Бұл жеңіс "Ордабасыға" келесі маусымда еурокубокте ойнауға мүмкіндік бермеді. Шымкенттік команда 31 ұпаймен бесінші орынға ие болды. Ал бұл жолдаманы "Тобылды" жеңген қарағандылық "Шахтер" иемденіп кетті.

Елордалық "Астана" Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында "Қызыл-Жарды" минималды есеппен жеңді. Матч Тимур Сегізбаев атындағы стадионда өтіп, 1:0 есебімее аяқталды. Кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды әріптесінің бұрыштамадан асырған пасын сәтті пайдаланған Иван Маевский соқты.

"Астана" 36 ұпаймен Премьер-лиганың қола жүлдегері атанды. Ал петропавлдық ұжым 23 ұпаймен сегізінші орынға тұрақтады.

Талдықорғандық "Жетісу" Премьер-лиганың соңғы турында ақтаулық "Каспийді" еш қиындықсыз жеңді. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 3:0 есебімен аяқталды.

Кездесудің 23-минутында Айбар Жақсылықов қорғаушының қателігін сәтті пайдаланып алғашқы голды соқты. Араға он минут салып Вадим Побудей есепті еселеді. 58-минутта Айбар Жақсылықов дубль авторы атанды. 28 ұпай жинаған "Жетісу" чемпионатты алтыншы орынмен аяқтады. Ал "Каспий" 17 ұпаймен Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.

"Тараз" Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында Алматылық "Қайратты" минималды есеппен жеңді. Тимур Сегізбаев атындағы стадионда өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды "Тараз" футболшысы Аюб Бацуев соқты. Естеріңізге сала кетсек, "Қайрат" биылғы маусымда мерзімінен бұрын чемпион атанған болатын. "Тараз" 23 ұпаймен сегізінші орынға ие болды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу