"Шахтер" Қазақстан Премьер-лигасының он үшінші туры қарсаңында "Тобылмен" кездесті. Матч "Астана Аренада" өтіп, 0:3 есебімен аяқталды.
"Тобыл" сапында Асхат Тағыберген ойынның 30-минутында айып алаңының сыртынан тамаша соққы жасап, есеп ашты. Ал 57-минутта дәл осы футболшы пенальтиден мүлт кетпей, ойындағы екінші голды соқты. "Шахтер" футболшысының қателігін сәтті пайдаланған Элгуджа Лобжанидзе матчтың нүктесін қойды. "Шахтер" бұл ойыннан кейін 8 ұпаймен он екінші орында қала берді. "Тобыл" 28 ұпаймен екінші орынға жайғасты.
Ал "Ақжайық" Қазақстан Премьер-лигасының он үшінші туры аясында "Каспийді" қабылдады. Ойын Оралдағы "Ақжайық" стадионында өтіп, 0:3 есебімен аяқталды. Матчтың 36-минутында Уаджди Сали әріптесінен керемет пас алып, алғашқы голды соқты. 68-минутта бұрыштамадан асырылған пасты Давид Караев өз пайдасына жаратты. Ал матчтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Руслан Сақалбаев үшінші голды соқты. Кезекті рет жеңіске жеткен Срджан Благоевич шәкірттері 19 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. 21 ұпайы бар "Ақжайық" төртінші орынға сырғыды.
Сондай-ақ "Қызыл-Жар" Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы айналымындағы соңғы турда "Атыраумен" кездесті. Матч Петропавл қаласындағы "Қарасай" стадионында өтіп, 0:1 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды Виктор Дмитренко соқты. Бұрыштамадан асырылған пасты "Атырау" қорғаушысы қақпаға тоғытты. Өз алаңында жеңілген петропавлдық клуб 17 ұпаймен жетінші орынға табан тіреді. "Атырау" 18 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді.
"Ордабасы" он үшінші туры аясында "Таразды" қабылдады. Матч Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Кездесудің 77-минутында Елдос Ахметов айып добын тамаша орындап, есеп ашты. Ал алты минуттан кейін Еркебұлан Тұңғышбаев көзге түсіп, командасына бір ұпай сыйлады. "Ордабасы" бұл ойыннан кейін 17 ұпаймен сегізінші орында қала берді. "Тараз" 18 ұпаймен бесінші орынға тұрақтады.
Ермұхамед Мәулен