Матчтың бірінші таймы голсыз аяқталды. Кездесу екінші таймда қыза түсті.
58-минутта сербиялық шабуылшы Урош Милованович талдықорғандықтардың айып алаңында әуеде допқа бірінші жетіп, есеп ашты. Екі минуттан кейін Жаслан Жұмашев "Жетісу" қақпасына екінші допты соғып, алаң иелерінің басымдығын арттырды.
Талдықорғандықтар 67-минутта Мәди Жақыпбаевтың голының арқасында есеп айырмасын қысқартты. Ал 90+8-минутта қонақтардың капитаны Серікжан Мұжықов пенальтиден дәл соққы жасап, командасын жеңілістен құтқарды – 2:2.
Осылайша, "Тобыл" ҚПЛ-2026 маусымындағы алғашқы жеңісін соңғы минуттарда уысынан шығарып алды. Бірінші турда қостанайлықтар сырт алаңда "Ақтөбеден" 1:4 есебімен жеңілген еді.
Ал "Жетісу" жаңа маусымдағы алғашқы ұпайын иеленді. Бірінші турда жетісулықтар сырт алаңда "Астанадан" 1:4 есебімен ұтылған болатын.
Үшінші турда "Тобыл" 20 наурыз күні сырт алаңда "Астанамен" ойнайды. Ал "Жетісу" 21 наурызда "Қайратпен" кездеседі.