"Тобыл" "Таразды" еш қиындықсыз жеңді

1309

Қостанайлық ұжым 18 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

"Тобыл" "Таразды" еш қиындықсыз жеңді

"Тобыл" Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы туры аясында "Таразды" қабылдады. Кездесу Қостанайдағы "Тобыл Аренада" өтіп, 3:0 есебімен аяқталды.

Ойынның 30-минутында есеп ашқан "Тобылдың" шабуылшысы Неманья Николич 42-минутта дубль жасады. Ойынның аяқталуына сегіз минут қалғанда Руслан Валиуллин өз командасының үшінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды. Бұл жеңістен кейін қостанайлық ұжым 18 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Ал Вардан Минасян шәкірттері 17 ұпаймен бір саты төменде тұр.

Ал "Атырау" Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы туры аясында ақтаулық "Каспиймен" кездесті. Матч Атыраудағы "Мұнайшы" стадионында өтіп, 2:1 есебімен аяқталды.

Ойынның 17-минутында Брайан Сильва есеп ашты. Екі минут өткен соң Алекс Джуниор командасының екінші голын соқты. Ал 40-минутта "Атырау" қақпасына пенальти белгіленді. Дэвид Караев бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. Қатарынан үшінші матчта жеңіске жеткен "Атырау" турнирлік кестеде 11 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді. 12 ұпайы бар ақтаулық клуб бір саты жоғары тұр.

Сондай-ақ "Ақтөбе" Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы туры қарсаңында "Астананы" қабылдады. Матч Ақтөбедегі Қобыланды батыр стадионында өтіп, 0:2 есебімен елордалық клубтың пайдасына аяқталды.

"Астана" ойын бастала салысымен гол соғуды көздеді. Бұл әрекеті 9-минутта өз нәтижесін беріп, Марин Томасовтың жасаған соққысы "Ақтөбе" қақпасында тулады. Ал жарақат алып қалған Исламбек Қуаттың орнына шыққан Валерий Чуперка 27-минутта айып алаңының сыртынан керемет соққы жасап, есепті еселеді. Бұл осы ойындағы соңғы гол болды.

Тоғыз матч бойы жеңілістің дәмін татпаған Андрей Тихонов шәкірттері 23 ұпаймен алғашқы орында тұр. 9 ұпайы бар "Ақтөбе" оныншы орынға сырғыды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу