"Тобыл" төрт ойыншымен толықты

2191

"Тобыл" команда сапынан кеткен көшбасшы ойыншыларды еш қиындықсыз алмастырды.

"Тобыл" төрт ойыншымен толықты

Қостанайлық "Тобыл" Грузия құрамасының шабуылшысы Элгуджа Лобжанидземен келісім-шартқа отырды. Элгуджа – "ВИТ-Джорджия" (Грузия) клубының түлегі. Сонымен қатар ол өз отанында "Шукуру", "Динамо", "Рустави" құрамында, 2017 жылы Ресейде "Оренбург" сапында өнер көрсетті. 2019 жылдың ақпан айында ойыншы "Таразға" ауысты. Өткен маусымда 28 жастағы ойыншы "Қайсар" жейдесінде 13 матчта 8 гол соқты. Ұлттық құрамада 2017 жылы дебют жасап, 11 матч өткізді. Қостанайлық клуб сапында шабуылшы 99 нөмірмен өнер көрсетеді. Бұл туралы "Тобыл" футбол клубының баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген "Тобыл" ойыншысы атанды. Тағыбергеннің кәсіби мансабы өзінің туған жері – Қызылордада басталды, 2008 жылы "Қайсар" сапына алынды. Ол осы команданың құрамында ел біріншілігінде 2012 жылға дейін ойнады. 2013 жылы Тағыберген "Ақтөбеге" ауысты. Мұнда Асхат ел чемпионы, кейін күміс және қола жүлдегер атанды, Қазақстан Суперкубогінің иесі деген атағы және бар.

2016 жылы елордалық "Астана" клубына ауысып, онымен Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанып, ел Кубогін жеңіп алды. 2017 жылдың ақпан айында Тағыберген Қостанайға қоныс аударды. Астықты аймақта 10 ойын өткізіп, 2018 жылдың қаңтар айында "Қайсарға" қайта оралды. Асхат қостанайлық командаға Түркиядағы жиындарда қосылды. Жартылай қорғаушы 8-ші нөмірді таңдады.

Қостанайлық клуб қақпашы Егор Цуприковпен келісім-шартқа қол қойды. Егор Цуприков өзінің кәсіби мансабын 2013 жылы "Шахтер-Болат" командасында бастады. "Шахтердің" негізгі құрамында 2018 жылы қызылордалық "Қайсарға" қарсы ойында дебют жасады. Қазақстанның 17 жасқа дейінгі және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамаларында ойнаған. Жаңа маусымда қақпашы 41-ші нөмірмен өнер көрсетеді.⠀

Сонымен қатар жаңа маусымда Гвинея-Бисау ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Тони Сильва да "Тобылдың" намысын қорғайды.

Айта кету керек, Тони Сильваның португалиялық паспорты да бар. Басқа елде туылса да, Португалияда жастық шағын өткізді. 2015-2016 жылдары ұлттық чемпионатта өнер көрсетті. "Унио Мадейро" командасы үшін 14 матч өткізіп, 3 гол соқты. 2009 жылы Англияға қоныс аударды, "Челси", "Ливерпуль" жастар командаларында, сондай-ақ "Барнсли" және "Дагенхэм" құрамында ойнады. 2020 жылға дейін Тони Грекия, Гвинея-Бисау, Болгария, Сауд Арабиясы және Түркияның клубтарында өнер көрсетті. Өткен жылы жартылай қорғаушы "Таразбен" келісім-шартқа қол қойды. Дебюттік маусымында жамбылдық клуб сапында 17 матчта 4 гол соқты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу