"Тобыл" үш ұпайды қанжығасына байлады

1537

Қазақстан Кубогінің бірінші туры аясында төрт кездесу өтті.

"Тобыл" үш ұпайды қанжығасына байлады

"Тараз" Қазақстан Кубогінің бірінші турында "Тобылға" есе жіберді. Матч Тараздағы Орталық стадионда өтіп, 1:3 есебімен аяқталды. Ойынның 5-минутында Зоран Тошич "Тобыл" жейдесіндегі алғашқы голын соқты. 14-минутта Берік Айтбаев таразы басын теңестірді. Ал 32-минутта Тошич алыстан тамаша соққы жасап, командасын қайтадан алға шығарды. 91-минутта Асхат Тағыберген ойынның нүктесін қойды. Үш ұпайды қанжығасына байлаған қостанайлық клуб өз тобында көш бастады. Жамбылдық клуб төртінші орында қала берді.

"Жетісу" Қазақстан Кубогінің алғашқы турында "Қайратты" қабылдады. Матч Талдықорғандағы "Жетісу" стадионында өтіп, 0:1 есебімен алматылық клуб жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті гол небәрі 10-минутта соғылды. Данияр Үсеновтің пасын сәтті пайдаланған Андрей Ульшин қақпаға жерлете соққы жасап, есеп ашты. Кирилл Кекер шәкірттері бұл жеңістен кейін өз тобында үш ұпаймен көш бастады. "Жетісу" төртінші орында қалды. Айта кетейік, Д тобында аталған кос командадан бөлек, "Каспий" мен "Тұран" клубтары ойнауда. Алматылық клуб 7-тамыз күні Орталық стадионда "Жетісуға" қарсы жауапты матч өткізетін болады.

Сондай-ақ "Қызыл-Жар" Қазақстан Кубогінің алғашқы турында елордалық БЖМОРСМ #8 командасымен кездесті. Матч Петропавлдағы "Қарасай" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның есебін 61-минутта елордалық клубтың футболшысы Нәрби Мерғазы ашты. Ал 79-минутта Оңласын Серік өз қақпасына гол соғып, қарсыласқа бір ұпай сыйлады. "Қызыл-Жар" бұл ойыннан кейін 1 ұпаймен өз тобында бірінші орынға шықты. Ал БЖМОРСМ #8 командасы бір саты төменде тұр.

Ал "Қайсар" Қазақстан Кубогінің алғашқы турында "Астананы" қабылдады. Матч Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионда өтіп, 0:0 есебімен аяқталды. Елордалық клуб бұл ойынға тек жастарды шығарды. Негізгі құрамдағы ойыншылардан тек Исламбек Қуат пен Роман Мұртазаев қана алаңға шықты. Бір ұпайды қанағат тұтқан қызылордалық клуб С тобында бірінші орынға шықты. Андрей Тихонов шәкірттері бір саты төменде тұр. Ертең турнирлік кестеде өзгеріс орын алуы мүмкін. Себебі бұл топта "Ақтөбе" мен "Ақжайық" командалары да күш сынасады.

Айта кетейік, Қазақстан футболының тарихында алғаш рет бас демеуші OLIMPBET компаниясы тарапынан клубтардың спорттық жетістіктері үшін жүлде қоры құрылды. Топтық кезеңге өткен барлық қатысушылар 5 миллион теңге мөлшерінде кепілдендірілген төлемдерге қол жеткізеді. Жарыстың 1/4 финалына шыққаны үшін әр команда тағы да 10 миллион теңгеден алады, жартылай финалға қатысушыларды да осындай көлемде жүлде күтеді. Кубок жеңімпазы қосымша 30 миллион, ал финалға шыққан команда 15 миллион теңге иеленеді. Келісімге сәйкес, барлық жүлделерді демеуші клубтарға турнир аяқталғаннан кейін төлейді. Турнирде барлығы 16 команда сынға түседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу