"Тобылды" тобықтан қақты

1593

Қазақстан премьер-лигасының 7-тур ойындары күтпеген нәтижелермен басталды. 

"Тобылды" тобықтан қақты

Ойын алдында қостанайлық клуб фаворит саналды. Өткен турда олар "Астананы" жеңіп желпініп қалып еді. Бірақ, бұл ойында "Тобыл" футболшылары күтпеген жерден жеңіліп қалды. Ойынның 20 минутында Артур Реджиналдо есеп ашты. Ал екінші таймда "Тобыл" футболшылары бұрыштама добын көтерді. Осы тұста Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Сергей Малый бәрінен биік секіріп баспен гол салды. Таразы басы теңескен соң ойын саябырси түскен еді, "Қайсар" қарымта шабуылдан тағы гол салып кетті. Гол авторы Асхат Тағыберген алыстан жойқын соққы бағыттап, қақпаның тоғыздығын дәл көздеді. Осы жеңістің арқасында "Қайсар" турнирлік кестенің екінші сатысына көтерілді. 

"Қайсар" - "Тобыл" 2:1 (1:0)

Голдар: Режиналдо Артур 20 (1:0), Малый Сергей 63 (1:1), Тағыберген Асхат 76 (2:1).

"Қайсар": Заруцкий Александр, Граф Иван, Режиналдо Артур, Лобжанидзе Элгуджа (Станисавлевич Александр 55), Колев Александр, Әмірсейітов Ілияс, Гурман Марк, Нәрзілдаев Думан (Ахметов Елдос 90+4), Тағыберген Асхат (к), Қайыров Бағдат, Парагульгов Магомед (Фортес Элвин 70).

"Тобыл": Шацкий Игорь, Канкава Джаба, Квеквескири Ника (Жарынбетов Самат 83), Аманович Алекса, Фонсека Карлос (Мұжықов Серікжан 63), Манзорро Жереми (Өміртаев Оралхан 79), Мирошниченко Дмитрий, Нұрғалиев Азат (к), Ерланов Темірлан, Мұртазаев Роман, Малый Сергей.

Екінші кездесуде "Оқжетпес" пен "Шахтер" ойнады. Қарағандылық команда бірден басымдылық көрсетіп, қарсылас қақпасына лап қойды. Олардың көптеген шабуылы нәтиже бермей, соққылар қақпадан қиыс кетіп жатты. Дегенімен, матчтың 27 минутында "кеншілер" есеп ашты. Арсен Хубулов көтерген пасты Гидеон Баа голға айналдырды. Оның баспен жасаған соққысы Ярослав Багинскийге аспаннан түскен жай секілді болды. Ал екінші таймда ес жиған "Оқжетпес" шабуылдар ұйымдастырып, таразы басын теңестірудің ретін қарастырды. Бірақ, керісінше "Шахтер" жақсы ойнап, екінші голды салудың аз-ақ алдында жүрді. Әсіресе Айдос Тәттібаев тамаша ойнады. Бірақ, кездесудің аяқталуына небәрі үш минут уақыт қалғанда Марко Обрадович таразы басын теңестіріп кетті. Бұл гол да стандартты жағдайдан салынды. Милан Стоянович көтерген бұрыштама добы Көкшетау қаласының командасына гол сыйлады. Есеп 1-1. 

"Оқжетпес" - "Шахтёр" 1:1 (0:1)

Голдар: Баа Гидеон 27 (0:1), Обрадович Марко 87 (1:1).

"Оқжетпес": Багинский Ярослав (к), Абубакар Алию,  Бондаренко Тарас (Чертов Даниил 86), Димов Пламен, Жұмаханов Санат (Сапаров Алтынбек 68), Мартинс Жиан, Молдақараев Жасұлан, Обрадович Марко, Стоянович Милан, Төлеев Мирас (Жақыпов Тимур 70), Шмидт Дмитрий.

"Шахтёр": Юрченко Давид (к), Баа Гидеон, Буйволов Андрей, Бакаев Михаил, Зенев Сергей, Ламанж Абдель, Такулов Сослан, Кривенцев Павел (Наджарян Геворг 58), Тапалов Еркін, Усман Мухаммед, Хубулов Арсен (Тәттібаев Айдос 58).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу