"Тобылды" тобықтан қақты, "Тұран" қашан гол салады?

2195

Қазақстан чемпионатының 5-тур ойындарында жаға ұстатар оқиғалар орын алды. Бұл қазақ футболы таңқалдыруын тағы да жалғастырып жатыр.

"Тобылды" тобықтан қақты, "Тұран" қашан гол салады?

4 жыл бойы жұмыссыз қол қусырып отырып қалған бапкерді алдыртқан "Тұран" футбол клубының басшылығында қандай ой болғаны белгісіз. Ресейде жүзден астам кәсіпқой клуб бар. Соның ешқайсысы да Владимир Газзаевты қызметке шақырмаған. Бірақ Түркістан қаласының "Тұраны" шақырды. Сол команда Қазақстан чемпионатында әлі гол салмаған жалғыз команда болып қалып отыр. Осы турда олар Андрей Карпович баптайтын "Қызыл-Жармен" 0-0 тең түсті. Қазір көптеген фанаттардың ойы осы болып тұр. "Тұран" қашан гол салады деген көкейлерінде сауал бар. Өмірзақ Шөкеев басқаратын бұл команда 26 мамыр күні гол салуы ықтимал. Себебі сол күні "Тұран" "Мақтааралмен" кездеседі.

"Мақтаарал" демекші қазақ футболының бетіне шыққан безеуі бұл турда "Шахтермен" ойнады. Ойнады деп жазғанымыз үшін кешірім сұраймыз. Орнына келетін өзге сөз таппадық. Қақпасына 5 гол жіберген жетісайлық команда турнирлік кестенің түбіне түсті. Шамасы сол жер олардың тұрақты орындарына айналатын секілді. Себебі команданың қорғанысы қой қамайтын қорадан да ләкәр екені байқалады. 5 матчта "Мақта" 12(!) гол жіберіп тастады.

Оралдың "Ақжайығы" бесінші турда белсене түсті. "Атырауға" қонаққа барып, жеңіске жетті. Гол авторы жас шабуылшы Оралхан Өміртаев. Осы жеңістің арқасында Батыс Қазақстан облысының беткеұстар командасы 11-орынға көтерілді. Қаржысы аз команданың жуырда жағдайы жақсарады деген үміттеміз. Олар өткен жылы біріншілікті керемет бастап, соңына таман шаршаңқырап қалды. Биыл бәлкім керісінше болатын шығар, а?

5-турдың басты сенсациясы "Ордабасы" - "Тобыл" матчында тіркелді. Қазақстан чемпионы "Тобыл" қақпасына 3 доп жіберіп, есеңгіреп қалды. Шымкенттік командадан мұндай ойынды ешкім күтпеді. Осы кезге дейін қостанайлық клуб қақпасына бірде бір гол жібермеген еді. Бұл матчта "Тобыл" сапынан Александр Марочкин алаңнан қуылып кеткенін де айта кетейік. Осы фактор кездесу тағдырына түбегейлі әсер етті.

"Қайрат" бірінші орында тұрған "Каспийді" 1:0 есебімен жеңді. Гол авторы – Жоао Пауло. Тағы да жеке шеберлігінің арқасында "Қайратқа" маңызды 3 ұпай сыйлады. Құрбан Бердыевтың командасы өз мәнерінде жеңіске жетті. Басшысы абақтыда отырса да, алматылық команда топ басына шықты.

"Ақсу" - "Ақтөбемен" кездесіп әдемі ойын көрсетті. Құрамында қазақ ойыншылары көп болған соң "Ақсу" аянбай намысқа тырысып өнер көрсетті. Қымбат легионерлерді сатып алған "Ақтөбенің" жеңісі ешкімді таңқалдырмаса керек. Бұл команда сапында жас футболшы Максим Самородов жарқылдады.

"Астана" - "Тараз" ойынында елордалық команда сәттіліктің арқасында жеңіске жетті. Алыстан бағытталған соққы байқаусызда қақпаға еніп кетті. Бұл жерде қақпашы Мұхамеджан Сейсен Эбонг жасаған соққыны қайтаруға толық мүмкіндігі болған еді. "Тараз" қарымта шабуыл жасап таразы басын теңестірді. Лука Гадрани деген мықты қорғаушысы елордалық команда қақапсына баспен әдемі гол салды. Ал одан кейін "Тараз" қорғаушысы Нұрлан Дайыров өз қақпасына дәл соққы жасап, автоголдың авторы атанды. Әлбетте қорғаушы әдейі істемегені анық, десе де голдың видеосын бір қайталап көруге тұрады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу